«Шын мәнінде де қайғылы оқиға»: Министр студент өліміне қатысты пікір білдірді
Кеше ғана Шымкенттегі колледж жатақханаларының бірінде 1-курс студенті қайтыс болған еді. Куәгерлер оның ауыр соққыдан қаза тапқанын айтты.
Жатақханаларда студенттерге жасалатын осындай қоқан-лоқы көрсету әлі де азаяр емес. Білім беруден бөлек, талапкерлердің тәрбие саласына да министрлік тарапынан қатаң бақылау қажет екені байқалады. Бүгінгі өткен ОКҚ баспасөз конференциясында NEGE тілшісі осы мәселе төңірегінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке сауал жолдаған еді.
–Шын мәнінде де, бұл – қайғылы оқиға. Иманды болсын. Бірақ ол –колледждің, яғни, кәсіптік білім ұйымының студенті. Сондықтан бұған Оқу-ағартуминистрлігі жауап береді, – деп қысқа қайырды министр.
Дегенмен, ол ЖОО студенттерінің қауіпсіздігі мен тәрбие мәселесіне қатысты жаңалықтар болуы мүмкіндігін айтып қалды. Әсіресе, жатақханадағы студенттердің жағдайы жіті қадағаланады.
–Біз жаңадан құрылған министрлікпіз ғой. Қарасам, министрліктің құрылымында тәрбие, ақпараттық жұмыспен айналысып келген кішкентай ғана басқарма бар екен. Онда төрт-ақ адам ғана жұмыс істейді. Сол үшін де студенттермен жүйелі түрде жұмыс атқарылмаған. Ал негізінде бұл ең ауқымды әрі маңызды сектор болуы тиіс. Сондықтан біз ол басқарманы бөлек бір департамент немесе комитет ретінде өсіруіміз керек, – деді министр.
Сондай-ақ ол министрліктің жанында студенттердің тәртіп-тәрбие, қауіпсіздік мәселесімен айналысатын арнайы өкіл болатынын айтты. Бұрын балалар құқығын қорғайтын, адамдар құқығын қорғайтын омбудсмен жұмыс істесе, енді студенттердің құқығын қорғайтын омбудсмен болмақ. Саясат Нұрбектің сөзінше, министрліктің штабтың кеңсесі бекітілгеннен кейін бұл ақпарат ашық түрде жарияланып, телефон нөмірлері мен жеделхаттар беріледі.
Бұрын ҚазҰУ-да жастар комитетін басқарып, енді студенттер омбудсмені боп тағайындалатын Айсұлу Ерниязоваға кез келген студент өз мәселесі бойынша хабарласа алады.