Шымкетте қызғаныштан сүйіктісін пышақтап өлтірген әйел 10 жылға сотталды

Шымкентте 25 жастағы әйел бірге тұратын ер адамын қызғаныштан пышақтап өлтіргені үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ сотталушы марқұмның ата-анасына 20 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.

magnific.com

Астана, NEGE. Қылмыстық іс мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотта алқабилердің қатысуымен қаралған. 

Сот материалдарына сәйкес, оқиға 2026 жылғы 20 мамырда Шымкенттегі Самал-3 шағынауданында болды. Айна Б. (аты-жөні өзгертілген) бірге тұратын азамат А. К.-мен жалдамалы үйдің ауласында қызғаныштан жанжалдасып қалған.

Жанжал кезінде әйел асүйден пышақ алып шығып, ер адамның кеуде тұсының оң жағына бір рет сұққан. Пышақ оның оң жақ өкпесі мен ірі қан тамырларын зақымдап, жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған.

Әйел сол күні ұсталып, қамауға алынған. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі бойынша адам өлтірді деген айып тағылған.

Сот-психиатриялық және психологиялық сараптама қорытындысы бойынша, сотталушының психикалық ауруы болмаған. Сарапшылар оның қылмыс жасаған кезде өз әрекетінің сипаты мен қауіптілігін түсінгенін және әрекетін басқара алғанын анықтады.

Алқабилер іс материалдары мен айыптау тарапы ұсынған дәлелдерді зерттеп, әйелдің кінәсі толық дәлелденді деген қорытындыға келген. Сот оны 10 жылға бас бостандығынан айырды. Бұдан бөлек, сотталушы марқұмның ата-анасына 20 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Үкімге тараптар әлі де шағым түсіре алады.