Шымкентте мұғалім мектепте 7 жастағы қызға тиісті деген күдікке ілінді
Шымкент қалалық полиция департаменті бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Астана, NEGE. Telegram-дағы «Криминальный Казахстан» арнасының жазуынша, оқиға 25 ақпанда оқу процесі кезінде болған. Анасының айтуынша, қыз үйге жабырқау күйде келіп, ішінің төменгі жағы ауырсынып тұрғанын айтқан. Қыздың сөзінше, мұғалім партасына келіп, оны күштеп тізерлетіп отырғызып, оқушының жіберуін сұрап жалынғанына қарамастан, әдепсіз әрекеттер жасаған.
Мұны естіген ата-анасы мектеп әкімшілігіне жүгінген. Алайда, ананың сөзінше, директор бейнебақылау камераларындағы жазбаларды беруден бас тартқан. Салдарынан жанжал шығып, қыздың әкесі жарақат алған. Бейнежазбаны тек полиция шақыртылып, тиісті департаментке жүгінгеннен кейін ғана көре алған. Ондағы жазбалар болған жайтты растаған. Мұғалімнің өзі бұл әрекетін түсіндіре алмаған.
Полицейлер күдікке ілінген мұғалімнің бөлімшеге жеткізілгенін хабарлады.
«Әйелдің кішкентай қызына жыныстық сипатта тиіскені туралы арызы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Құқыққа қайшы әрекет жасады деген күдікпен Шымкент қаласының тұрғыны ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Тергеу-жедел тобы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған кешенді іс-шаралар жүргізіп жатыр», – деп мәлімдеді полицейлер.
Қазіргі уақытта бейнебақылау камераларындағы жазбалар тексеріліп, ықтимал куәгерлерден жауап алынып жатыр.
«Тергеу барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында. Барлық тергеу әрекеті заң талаптарын қатаң сақтай отырып жүргізіледі», – делінген хабарламада.
Полицейлер кәмелетке толмағандарға қатысты кез келген заңсыз әрекеттер қатаң түрде тоқтатылатынын, кінәлілер заңға сәйкес жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.