Шымкентте қызды алып қашу ісі бойынша екі күдікті қамауға алынды

Шымкентте қызды некеге тұруға мәжбүрлеу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, екі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл туралы Шымкент қаласының полиция департаменті хабарлады.

pixabay.com

Астана, NEGE. Оқиғаға қатысты ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Онда Түркістан облысы Созақ ауданының тумасы Аиданың Ұлытау облысы Қарсақбай кентінің тұрғыны Нұрсұлтанмен тоғыз ай бойы қыз-жігіт болып кездескені және оған тұрмысқа шығуға өз еркімен келіскені айтылған.

Жігіт жақтың мәліметі бойынша, 15 шілде күні Аида шаңыраққа келін болып түскен, ал артынан іздеп барған адамдарға шешімді өзі қабылдағанын және ешкімнің мәжбүрлемегенін айтқан. Сондай-ақ полиция қызметкерлеріне де осындай түсініктеме беріп, қолхат жазып берген. Алайда келесі күні ата-анасы келген соң қыз олармен бірге кетіп, кейін өзін келісімінсіз алып қашып, некеге тұруға мәжбүрлегені туралы арыз жазады.

Күдіктінің жақындары қыздың туыстары арызды қайтарып алу үшін 5 млн теңге талап еткенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, ақша беруден бас тартқаннан кейін Нұрсұлтан мен оның досының үстінен де арыз жазылып, уақытша тергеу изоляторына қамалған. 

Сондай-ақ жарияланған ақпаратта Нұрсұлтан қыздың шақыруымен 13 шілдеде Шымкент қаласына барып, ұсыныс жасағаны; қыздың ұсыныс жасау рәсімін өзі ұйымдастырып, тиісті қызметтерге тапсырыс бергені айтылады. 

Шымкент қаласының полиция департаменті әлеуметтік желіде тараған осы мәліметтерге қатысты істің тергеліп жатқанын растады.

«Қызды некеге тұруға мәжбүрлеу дерегі бойынша Шымкент қаласының полициясы қылмыстық іс қозғады. Алдын ала мәлімет бойынша, арызданушыны қаладағы демалыс орындарының бірінен еркінен тыс алып кетіп, некеге тұруға мәжбүрлеген. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде екі күдіктінің жеке басы анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады ведомство.

Әлеуметтік желіде тараған арызды қайтарып алу үшін 5 млн теңге талап етілгені туралы ақпараттың мән-жайы тергеу барысында тексеріліп жатыр.