7 ноября 2025 г. 17:43

Шымкентте қараша айында әлеуметтік және цифрлық бағыттағы жұмыстар күшейтілді

Фото: Баспасөз-қызметі

Қараша айында Шымкент қаласында әлеуметтік, цифрлық және қоғамдық қауіпсіздік бағыттарында маңызды іс-шаралар атқарылып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.

Бүгінгі таңда қалада сұйытылған мұнай газының (СМГ) қамтамасыз етілуі бойынша 44 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Қала аумағында 4 газ толтыру станциясы және 203 автомобильге газ құю бекеті жұмыс істейді. Энергетика министрлігі тарапынан қараша айына 8 410 тонна СМГ бөлініп, қосымша көлем қарастырылды. Шымкент қаласында 66 мыңнан астам автокөлік газбен жүруге бейімделген. Соңғы уақытта көліктер санының артуына байланысты сұйытылған газға уақытша тапшылық байқалғанымен, бұл мәселе кезең-кезеңімен шешілуде. Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы газ желісі ұйымдарымен бірлесіп, СМГ үздіксіз жеткізуді тәуліктік режимде бақылауда ұстап отыр.

Қараша айының алғашқы күндерінде Шымкент қаласында жылыту маусымы ресми түрде басталды. Алдымен әлеуметтік нысандар – мектептер, балабақшалар, ауруханалар мен өзге де әлеуметтік мекемелер жылумен қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда қаладағы 476 әлеуметтік нысанның 475-іне жылу берілді, сондай-ақ 2 154 көпқабатты тұрғын үйдің 2 093-і орталық жылу жүйесіне қосылды. Денсаулық сақтау нысандарының барлығы жылыту маусымына толық кірді. Мекемелердің температуралық режимі санитариялық талаптарға сай ұсталып, +22°С-тан +26°С аралығында сақталуда. Жылыту маусымының өту барысы қала әкімдігі тарапынан тұрақты бақылауда.

Баспасөз-қызметі

Сонымен қатар, Шымкент қаласында жерлеу рәсіміне арналған Jerleu.kz порталы іске қосылып, бұл бағытта цифрландыру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Портал арқылы жерлеу орындарын іздеу, тазалау және көгалдандыру қызметтеріне онлайн тапсырыс беруге мүмкіндік жасалды. 2025 жылдың сәуір айында цифрландыру басқармасы, аудан әкімдіктері және «7 АТА» ЖШС арасында меморандум жасалып, оның нәтижесінде 655 жерлеу орны цифрландырылды. Оның ішінде Тұран ауданында – 482, Еңбекші ауданында – 173 орын. Бұл жоба азаматтар үшін қызмет көрсетудің ашықтығы мен қолжетімділігін арттырып, зираттар есебін жүйелеуге мүмкіндік берді.

Қоғамдық қауіпсіздік саласында да белсенді жұмыстар жүргізілуде. Өткен аптада тергеу органдарының өндірісінде 179 қылмыстық іс тіркеліп, оның 3-і сотқа жолданды. Ең жиі тіркелетін қылмыс түрлері – алаяқтық (63 іс), ұрлық (44 іс), есірткі айналымына қатысты (11 іс) және жол-көлік оқиғалары (9 іс). Интернет-алаяқтық фактілері жиілеп, азаматтарды жалған жарнамалар мен қоңыраулар арқылы алдау жағдайлары тіркелуде. Мәселен, бір тұрғын өзін Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкері ретінде таныстырған алаяққа 600 мың теңге аударып, алданып қалған. Осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында тұрғындарға күмән тудыратын хабарламаларға сенбеу және төлемдерді тек ресми арналар арқылы жүргізу ұсынылады.

Сонымен қатар, интернет арқылы есірткі саудасына қатысы бар азаматтар анықталып, заңсыз әрекеттердің жолы кесілуде. Тұрғындарға өз банк карталарын бөгде адамдарға бермеу және күмән тудыратын қаржылық операцияларға араласпау ескертіледі.

Баспасөз-қызметі

Қалада жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне байланысты профилактикалық шаралар күшейтілді. Жүргізушілердің жылдамдықты асыруы мен ұялы телефонға алаңдауы салдарынан бірнеше апат тіркелді. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың скутер мен самокатты жол ережесін бұзып басқаруы салдарынан да жарақаттану жағдайлары да тіркелген. Ата-аналарға балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оларға жол қозғалысы ережелерін үйретіп, жоғары жылдамдықтағы көліктерді басқаруға жол бермеу қажеттігі ескертілді.

Қоғамдық орындардағы ұрлық фактілері де назарда. Көпқабатты үйлер мен ойын-сауық орталықтарында велосипед пен ұялы телефон ұрлығы жиілеп отыр. Азаматтарға жеке мүліктеріне мұқият болып, балаларға қымбат телефондарды сеніп бермеуі ескертіледі.

Сондай-ақ қала прокуратурасының ұйымдастыруымен «СТОП-ВЕЙП!» атты профилактикалық акция өтіп, тұрғындарға электронды темекінің зияны түсіндірілді. Шымкенттің барлық аудандарында ұйымдастырылған акция барысында азаматтарға вейптерді ерікті түрде тапсыру мүмкіндігі берілді.

Жалпы, қараша айында Шымкент қаласында тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, қауіпсіздік деңгейін арттыруға және цифрлық қызметтерді кеңейтуге бағытталған жұмыстар қарқынды жүргізілді. Қала әкімдігі барлық бағыттағы қызметтердің тиімділігін арттыру және халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында жұмысты жүйелі түрде жалғастыруда.

Тегтер: