12 февраля 2026 г. 11:34

Шымкентте ағаш құлап, 10 жастағы бала мерт болды

Фото: NEGE

Қайғылы жағдай 11 ақпан күні Шымкенттегі 11-ықшам аудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің ауласында болған.

Астана, NEGE. Бала оқиға орнында тіл тартпай кеткен, деп хабарлады Otyrar телеарнасы.

Телеарна мәліметінше, баланың үстіне ағаш құлағанын аула тазалаушылар көріп, жедел жәрдем қызметін шақырған. Артынша полиция келген. 

Куәгерлердің айтуынша, баланың шекесіне ағаш бұтасы тиген.

Марқұм сол маңдағы үйлердің бірінде отбасымен бірге тұрып жатқан. Ол отбасындағы үш баланың ортаншысы болған.

Бұл жайтқа қала әкімдігі түсініктеме беріп, арнайы комиссия құрылғанын, баланың отбасына көмек көрсетілетінін хабарлады.

«Шымкентте ауа райының қолайсыздығынан ағаш құлап, қайтыс болған баланың туған-туыстарына және жақындарына қайғыра көңіл айтамыз.

Қайғылы жағдайға қатысты қала әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылып, оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр. Отбасына барлық қажетті қолдау көрсетіледі», – делінген әкімдік хабарламасында.

Әкімдік өкілдері қала тұрғындарын ауа райының қолайсыздығына байланысты қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.