Шымкентте 50 шенеунік бәс тіккені үшін жұмысынан айырылуы мүмкін
Алматы, NEGE. Себеп – құмар ойындарға қатысу. Қалалық прокуратураның тапсырмасымен жүргізілген талдау нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері букмекерлік кеңселерге жалпы сомасы 443 млн теңге аударғаны анықталды, деп хабарлайды Otyrar.kz порталы.
«Прокуратура қаладағы атқарушы органдардың қызметкерлері арасында онлайн-букмекерлік ставкаларға қатысу деректерін зерттеді. 2024 жылы заң күшіне енгеннен кейін 50 қызметкер Olimpbet платформасы арқылы бәс тіккені белгілі болды», – дейді Шымкент қаласы прокуратурасы басқарма бастығының орынбасары Бегжан Құлатаев.
2024 жылы Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерге кез келген құмар ойындарға қатысуға тыйым салатын заң күшіне енді;
Бұл тыйымға онлайн-ставкалар мен букмекерлік платформалар да кіреді;
Заңды елемей, бәс тіккендердің әрекеті пәрменді қадағалауға алынған.
Қазір шенеуніктердің әрекеті тәртіптік комиссияларда қаралып жатыр. Антикоррупциялық талаптарға сай, онлайн-азарт ойындарына қатысқаны үшін еңбек келісімшартын бұзуқарастырылады. Бұл туралы шешім құқықтық статистика органдарына тіркеліп, қосымша тәртіптік жаза қолдануға негіз бола алады.
Прокуратураның дерегінше, 2024 жылдың басынан бері Шымкенттегі мемлекеттік мекемелердің 161 қызметкері жалпы 757 млн теңгеге онлайн-бәс тіккен. Бұл сома ресми табыстарға сәйкес келмейтінін айтып, қоғамның алаңдаушылығын тудырып отыр.
Қазақстан азаматтары eGov Mobile қосымшасы арқылы азарт ойындары мен ставкалардан өз еркімен бас тарту құқығын қолдана алады. Бұл 10 жылға дейін шектеу енгізуге мүмкіндік береді.