Шымкентке бағыт алған ұшақ Тараз әуежайына қонуға мәжбүр болған

SCAT әуе компаниясының Алматыдан Шымкентке ұшқан ұшағы кері бұрылып, Тараз қаласының әуежайына қонған.

scat.kz

Астана, NEGE. Желіде турбуленттілік аймағына тап болған ұшақ бортынан түсірілген видео тарады. Жазба авторының мәлімдеуінше, ұшақ қонуға таяғанда күн райы бұзылып, қатты турбуленттілік салдарынан әуе кемесі шамамен 15 минуттай шайқалып тұрған. Осыдан кейін экипаж бағытты өзгертіп, Тараз әуежайына қону туралы шешім қабылдаған.

Әуе компаниясының мәліметінше, ұшақ Шымкент әуежайына қонуға жақындаған кезде ауа райы күрт нашарлаған. Желдің екпіні секундына 24 метрге дейін күшейіп, найзағай ойнап, нөсер жауын басталған.

«Алматы – Шымкент рейсінің экипажы Тараздағы қосалқы әуежайға қону туралы шешім қабылдады. Ауа райы жақсарғаннан кейін ұшақ рейсті жалғастырды», – делінген хабарламада.

Әуе кемесі қосалқы әуежайда шамамен бір жарым сағаттай болған. Кейін ол Шымкент әуежайына штаттық режимде сәтті қонған.