4 декабря 2025 г. 12:03

Шымкент, Ұлытау және Маңғыстауда есірткі дүкендері жабылып, миллиардтар тәркіленді

Фото: Pixabay.com

Бас прокурор Берік Асылов интернеттегі есірткі бизнесімен байланысты бірқатар ірі істі сотқа жібергенін хабарлады.

Астана, NEGE. Шымкентте Telegram мессенджері арқылы жұмыс істеген халықаралық есірткі желісі анықталды. Прокуратураның бастамасымен қазақстандық жедел тергеу тобына осы салада тәжірибесі бар АҚШ-тың есірткі бизнесіне қарсы күрес ведомствосы (DEA) қызметкерлері қатыстырылды.

Қылмыстық схемаға 300-ден астам адам қатысқан.

«Тек екі айыпталушының транзакциялары бойынша айналым 7 миллион АҚШ долларынан асқаны белгілі болды. 24 адам ұсталды, олардың арасында Ресей, Өзбекстан және Ауғанстан азаматтары бар. 500 миллион теңгеден астам мүлік тәркіленді. Ақша дропперлердің банк карталары және лицензияланбаған криптобиржалар арқылы аударылып отырған. Криптовалютаны шет елдердің азаматтары алған. Тергеу барысында Шымкент аумағынан екі есірткі зертханасы табылып, жойылды» деді Асылов.

Қылмыстық желі Telegram арналарын пайдаланған, олар арқылы есірткі таратып қана қоймай, жаңа қолданушыларға оны өндіру әдістерін де үйреткен. Кейбір тұлғалар прекурсорларды жеткізетін және айналымды бақылайтын негізгі желімен байланысын сақтай отырып, өз арналарын ашқан. 

Осылайша, Ұлытау облысында Telegram арнасы арқылы есірткі сатқан дүкеннің жұмысы тоқтатылды. 6 айыпталушы қамауға алынды, цифрлық активтер, криптовалюта әмияндары және өзге құндылықтармен бірге 3,2 млрд теңгеден астам қаражат мемлекетке қайтарылды.

Маңғыстауда да есірткі дүкені жабылды. Есірткі сатудан түскен қолма-қол ақшаны банкке өткізу кезінде 1 млрд 155 млн теңге және 176 мың АҚШ долларын тәркіленді.

Сонымен қатар, сот бір жеке кәсіпкердің банктік шотына есірткі бизнесінен түскен 1 млрд теңгеге және 734 228 АҚШ доллары (USDT) бар криптоәмиянға тыйым салды.