Шымкент әкімдігі тұрғындарды аптап ыстықта жануарларға қамқор болуға шақырды
Шымкент қаласының әкімдігі шілденің шіліңгір ыстығында адамдар ғана емес, жануарлар да зардап шегетінін еске салып, қала тұрғындарын сауапты іске атсалысуға шақырды.
Астана, NEGE. Әкімдік өкілдері иесіз қалған үй жануарларының көбі ыстық пен шөлден қиналатынын ескертіп, үйдің, жұмыс орнының немесе демалыс аймағы маңындағы қауіпсіз жерлерге ыдыспен су қойып қоюға кеңес береді. Мұндай қарапайым әрекеттің өзі ит-мысықтың аптап ыстықты жеңіл өткеруіне көмектеседі.
«Табиғат пен жануарларға жанашырлық таныту – жауапты әрі мейірімді қоғам мәдениетінің ажырамас бөлігі. Тіпті қарапайым қамқорлық пен ықыластың өзі аптап күндері жануарларды құтқарып қалуы мүмкін», – делінген хабарламада.
Ыстық күндері жануарлар ғимараттардың маңынан сая іздейтіндіктен, кафе, мейрамхана, дүкен және өзге де бизнес нысандарының иелеріне де өтініш айтылды. Қала билігі бизнес өкілдерінен де жануарларға қамқорлық танытып, жақын жерге су құйылған ыдыс қоюды сұрайды.