Шымкентте екі колледжде 1,3 млрд теңге жымқыру ісі: күдіктінің Дубайдағы пәтері бұғатталды
Қаржы монитринг агенттігі Шымкент қаласында білім беру саласына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеп-тексеру аяқталғанын хабарлады.
Астана, NEGE. Агенттік мәліметінше, 2018–2023 жылдар аралығында «Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі» ЖШС мен «Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі» ЖШС құрылтайшысы жалған оқыту схемасын ұйымдастырған. Қылмыстық схемаға колледж басшылары, бухгалтерлер және басқа адамдар қатысқан.
Бюджет қаржысын жымқыру үшін оқуға қабылдау, жұмысқа орналастыру туралы жалған бұйрықтар рәсімделген. Бұл мақсатта электронды цифрлық қолтаңбалар, жалған актілер қолданылған. Алайда студенттер іс жүзінде колледжде оқымаған. Бұл мемлекеттік білім беру тапсырысы және кадрларды қайта даярлау бағдарламалары аясында бөлінген бюджет қаржысын иемденуге мүмкіндік туған.
Бұдан бөлек, медициналық колледждің ақылы бөлімінде оқыған студенттердің бір бөлігі мемлекет есебінен білім алушылар ретінде рәсімделгені анықталды.
Ал «Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі» іс жүзінде жұмыс істемеген, тек бюджет қаражатын алу үшін формалды құрылым ретінде пайдаланылған.
Салдарынан мемлекетке жалпы сомасы 1,3 млрд теңгеден астам залал келтірілген.
«Бір қызығы, схеманы ұйымдастырушы бұған дейін жасаған жымқыру фактісі үшін соңғы үш жыл бойы бас бостандығынан айыру орындарында бола тұра, заңсыз әрекеттерді сол жерден басқарған.
Тергеу барысында күдіктілер 65 млн теңге көлеміндегі залалды ерікті түрде өтеді. Сот санкциясымен үш пәтер, оның ішінде Дубай қаласындағы пәтер, үш тұрғын үй және үш автокөлік бұғатталды», – делінген ҚМА хабарламасында.
Екі күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы, тағы үш тұлғаға қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.