Шымбұлақтағы шу: Полиция GUSTO мейрамханасындағы жанжалға қатысты пікір білдірді
Алматы полициясы Шымбұлақтағы Gusto мейрамханасында болған қазақ тіліне қатысты жанжалға түсініктеме берді.
Алматы, NEGE. Медеу аудандық Полиция басқармасының хабарлауынша, оқиға бойынша тексеру жүргізіліп, қатысушылар анықталып, жағдай толық зерттелген.
«Алматы қаласындағы бір мейрамханада орын алған оқиғаға қатысты әлеуметтік желілерде видео тарады. Видеода мейрамхана әкімшісі мен келуші арасында дау туындағаны көрсетілген. Тексеру барысында тараптар оқиғаның эмоция әсерінен туындағанын атап өтті. Олардың айтуынша, кейбір сөздер мен әрекеттер эмоция әсерінен жасалған және олардың шынайы көзқарасын білдірмейді. Сонымен қатар, оқиға барысында тараптардың бір-біріне жеңіл физикалық әрекет қолданғаны анықталды», – делінген хабарламада.
Полиция мәліметінше, екі тарап өзара кешірім сұрап, татуласқан.
Тексеру нәтижесі бойынша олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, екі тарапқа да бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сот шешімімен олар 20 АЕК көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік желіде Шымбұлақ тау-шаңғы курортындағы Gusto мейрамханасының әкімшілігі қазақ тілінде сөйлеуден бас тартқан видео тараған болатын. Аталмыш жағдай әп-сәтте халықтың наразылығын тудырып, үлкен дауға айналды.