Шымбұлақ тау-шаңғы курортында бір адам қаза тапты

10 наурыз күні Шымбұлақ тау-шаңғы курортында қар көшкіні жүріп, бір адам қаза тапты. Nege.kz тілшісі Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментіне хабарласып мәселенің мән-жайын білді.

 
Алматы, NEGE. Бүгін таңда Шымбұлақ әкімшілігі тауда қар көшкіні қаупі барын айтып ескерту жасаған-ды. Тау курортының әлеуметтік желідегі парақшасында 20 см дейін қар түскені хабарланды. 
 
Оқиға желі арқылы тез тарап кеткені сонша, отандық БАҚ Шымбұлақта бірнеше рет қар көшті деп жазды. Бірақ, ТЖ басқармасының ресми өкілі бұл ақпаратты жоққа шығарды. 
 
«Үлкен және кіші Алматы алабында бірнеше рет қар көшкіні болғаны рас. Ал, бүгінгі оқиға болған Шымбұлақ кіші Алматы алабына кіреді. Ол жерде тек бір рет қар көшті. Қалғаны үлкен Алматы алабында», – деді Гүлдана Маратқызы. 
 
Шымбұлақ жеке секторда болғасын басқармаға хабар түс кезінде жетіпті. Оқиға орнына ТЖД (1 бірлік техника мен 1 қызметкер), РЖҚЖ (8 қызметкер мен 1 бірлік техника), Қазселденқорғау – 2 адам жұмылдырылған. 
 
«10 наурыз күні сағат 13:00-ден кейін ТЖ Департаментіне  «Қазселденқорғау» мекемесінен ақпарат келіп түсті. 2022 жылғы 10 науырызда Медеу ауданы, «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортынан жоғары, 1975 ж.т. азамат «Школьник» атты көшкін жинағышында тау баураймен сырғанап, трасса қоршауынан шығып, қар басқан баурайды қиып, бұл іс әрекет қар көшкінінің жүруіне себеп болды. Нәтижесінде  1975 жылғы туылған азамат қайтыс болды. Денесі «Шымбұлақ» ТШК құтқарушыларымен алынды. Қазіргі уақытта Комби-2 арқан жолдың жұмысы тоқтатылды», – деді Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Гүлдана Маратқызы. 
 
Шымбұлақ тау-шаңғы курортында негізгі Комби-1 және Комби-2 арнайы жолы бар. Комби-2 3200 метр биіктіктен бастау алады. Қар көшкіні қаупін ескерген әкімшілік осы жолға келушілерді өткізбеген. Бірақ, сәл төменірек орналасқан комби-1 қалыпты режимде жұмыс істеп тұрған.
 
Шымбұлақ әкімшілігі таратқан ақпарға сүйенсек, курорт құтқарушыларына сағат 10:58-де тау бөктерінде қар көшкіні болғаны туралы хабар түскен. Арадан 7 минут өткенде құтқарушылар қар астында қалған келушіні  қазып алған. Қайтыс болған азаматтың кім екені әзірге белгісіз, тек 1975 жылы туғаны хабарланды. Ол сырғанауға рұқсат етілген соқпақтан шығып кеткен.
 
Құтқарушылар азаматты 11:25 минутта медициналық пунктке жеткізіпті. Дәрігерлерлер бірнеше минуттан кейін оның қайтыс болғанын анықтады. 
 

 
Әкімшіліктің мәліметінше, ер адамда қар көшкініне түскеннен кейін, одан қашуға тырысқан. Бірақ көшкін тас бөгетке тартып, оның бұрышына соғылған. Оның үстіне қайтыс болған азаматтың жанында қар көшкініне қарсы қажетті құрал-жабдықтар: дыбыс сигналы, зонд және күрек болмаған. 
 
Осы жағдайдан кейін Шымбұлақ курортының мобильді қосымшасында «қар көшкінінде қажетті бұйымдарды жалға береміз» деген жазба жарияланды. 
 
Осы маусымда аталған курортқа бірнеше рет бардық. Құтқарушылар ісін еш мүлтіксіз атқаратынына да куә болғанбыз. Сонда байқағанымыз келушілердің дені қауіпсіздік ережелерін ескере бермейді. 
 
NEGE.KZ тілшісі өткен аптада жабық соқпақтардың біріне шығып кетіп, таудан домалап барып шырша ағашына баспен соғылып еді. Құтқарушылар бас-аяғы 10 минутта жетіп, жедел көмек көрсеткенінің арқасында жеңіл жарақат алды.
 
Мұндай жағдай күн сайын болатынын ескерсек азаматтарға қауіпсіздік ережелерін сақтауды міндеттеу керек іспетті. Қысқы спорт түрлеріне қызығушылық танытатындар қатары жылдан-жылға артып отыр. Оған дәлел Алматы қаласындағы қысқы спорт киім-кешегін, құралдарын жалға беретін мекемелердің артқаны. Қазір Алматы қаласында тау шаңғысын, сноубордтар мен қысқы іиім-кешек жалға беріп, оны кәсіп көзіне айналдырған 50-ден астам үлкенді-кішілі компания бар екен. Олардың басым бөлігі бір ғана сауда нысанымен шектелмей, алды ондаған бөлімше ашып қойған. Ол дегеніңіз жоғарыда айтқан жалға беру орындары кемі 3-4 есеге артады. Бәрінің саудасы жүріп жатыр. Негізгі айтпағымыз, тау-шаңғы бұйымдарын жалға берушілер алушыға қорғанысқа қажетті бас киімді, тағы сондай дүниелерді міндеттемесе жоғарыдағы жағдаяттар , адам өлімі жиілеуі мүмкін. Тағы бір айта кетерлігі тау-шаңғы курортына келушілерді бақылап, мониторинг жүргізіп отырған ешкім жоқ. Аяғына алғаш шаңғы кигендер 3200 метр биіктікке шығып алып, түсе алмай жатады. Көбісі аяғын не қолын сындырып, енді бірінің басы жарылып демалысының соңы аурухана кезумен аяқталады. Сол үшін жаңа келушілерге жеңілтетілген бағада мамандар кеңес берсе таудағы төтенше жағдайлар саны қысқарар еді.