Шығыстан шыққан өрт сөнбей жатыр

Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданында өрт сөндірушілер «Құлынжон» мемлекеттік табиғи қорығындағы 100 гектарға жайылған қызыл жалынмен күресіп жатыр.

Алматы, NEGE. ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің дерегінше, «Құлынжон» мемлекеттік табиғи қорығында бұта мен шөп өртенген. Қатты желдің салдарынан тілсіз жау лезде жан-жаққа жайылып кетті.

«Қазіргі уақытта өрт сөндірушілер сол жерде жалынмен күресіп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша от 100 гектар аумақты шарпыған. Өртті ауыздықтауға құтқарушылар, жергілікті атқарушы орган өкілдері мен орманшылар тартылды. Барлығы 50 адам мен 9 техника жұмылдырылған»,  – деп хабарланды.