Шиелідегі шатақ. «Істі болған аудан әкімі Сапарбаевтың туысы»
19 ақпан күні порталымызда Қызылорда облысы Шиелі ауданының «пара алды» деген күдікке ілінген әкіміне қатысты мақала жарияланған. Басы дауға қалған әкімнің ісіне қатысты тағы біршама жайт белгілі болды.
Тақырыпқа орай: Қазалыда – «бұзық», Шиеліде – «шыжық», Жаңақорғанда – «қызық»...
Қызылорда облысы Шиелі ауданының әкімі Қамбарбек Мүбәраковтың «пара алды» деген күдікке ілінгенін ең бірінші болып біз жазғанбыз. Облыстағы тұрақты оқырманымыздың айтуына қарағанда, Қ.Мүбараков біраз уақыттан бері Антикордың бақылауында жүрген.
Бізге белгілі біраз жайтты оқиғаның куәгерлері «БӘСЕ» каналына да жіберсе керек, кеше бұл канал Шиелі ауданының әкіміне арнайы тоқталды.
«БӘСЕ» каналы бұл оқиға туралы былай деп хабарлайды: «2021 жылдың 7 ақпанында әкім Мүбараковты ақша беріп жатқан жерінен қолға түсірген. Алайда Мүбараковты қамамай, кепілмен босатқан. Белгілі болғандай, әкім Мүбараков Шиелі ауданы әкімінің орынбасары қызметін бұрын ауыл әкімі болған Райымбеков дегенге 5 млн теңгеге сатқан. Уәде етілген 5 млн теңгенің орнына Райымбеков тек 3 млн теңге ғана берген. Жарты жыл өтсе де, Мүбараков қалған 2 млн теңгені ала алмапты.
Әкім келісімді бұзып, Райымбековке ақшасын қайтарып бермек болған. Бірақ барлық соманы емес, тек 1 млн теңгені ғана. Осы сәттен Мүбараковтың «бас ауруы» басталған. Аудан әкімінің орынбасары және көмекшісі болу үшін ақша төлегендер астанаға шағымданып, ол жақтан финполдың арнайы тобы келген де, Мүбараковпен қоса, оған пара әкеліп берген тағы бірнеше делдалды ұстаған. Жәбірленушілердің айтуына қарағанда, көмекшінің қызметіне де Мүбәраков дәл сондай ақша сұраған. Яғни көмекші болу үшін де 5 млн теңгеден кем емес ақша төлеу керек болған.
Мүбараковтың судан құрғақ шығатынына күмәніміз жоқ. Өйткені оның құдыретті қолдаушысы бар. Үлкен ағасы – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қамбарбектің Бердібектен бөлек кіші бауыры тағы бар. Ол – Бердібек Сапарбаевтың туған інісі – Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Сондай-ақ, Қызылорда облыстық полиция департаментінің басшысы Бектөре Сұлтан мен Жаңақорған ауданының прокуроры Алмат Абдуллаев та Сапарбаев пен Мүбараковтың жақын туыстары саналады. Бұл Сапарбаевтардың мафиоздық кланының толық тізімі емес...»
Бұдан әрі канал Шиелі ауданы әкімінің ісіне қатысты куәгерлерді әлдекімдердің «арызыңды ал» деп қорқытып жүргенін айтады. Сондай-ақ әкім Қ.Мүбараковтың куәгерлердің бірімен телефон арқылы сөйлескен сөзін жариялаған.
Тілшіміз видеода көрсетілген нөмірге бірнеше мәрте хабарласқан. Алайда «абонент қызмет көрсету аясынан тыс жерден» шыға қоймады.
Міне, еліміздегі жалғыз әйел әкім басқаратын облыста осындай шатақ оқиға болып жатыр. Көптен айтылып жүрген гу-гуге сенсек, өңірдің атқамінерлері Әбдіқалықованың емес, Сапарбаевтардың айтқанына құлақ қояды деседі. Бұл әңгіменің қаншалықты рас-өтірігі Шиелі ауданы әкімінің ісіне тікелей байланысты болмақ.