17 апреля 2025 г. 19:04

Шерзаттың өліміне күдіктілердің басым бөлігі кінәсін толық мойындамады

Фото: Жоғарғы сот

Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы өтіп жатыр. 

Алматы, NEGE. Бүгінгі сот отырысында күдіктілер өздері туралы мәлімет берді, сонымен қатар прокурор Дана Сәрсенбай айыптау актісін оқыды.

Судья Ержан Жанұзақов 9 сотталушыдан айыптау актісіндегі тағылған айып бойынша кінәні мойындайтын немесе мойындамайтынын сұрады.

Айыпталушылардың бесеуі кінәсін толық мойындаудан бас тартты, қалғаны ішінара ғана мойындады. Сотталушыларға адам өлтіру, адам өлтіруге оқталу, қарумен бұзақылық жасау, ұрлық және қылмыс туралы хабарламау баптары бойынша айып тағылған.

Адам өлтіруге оқталды деп айыпталған Равиль Сакиев, сондай-ақ қару қолдану арқылы бұзақылық жасағаны үшін айыпталған Дархан Аскентай, Дидар Калиахмет және Нұркияс Ільясов өз кінәсін толық мойындамады.

Шыңғыс Белғожаев пен Нұрбол Тоқтаубаев бұзақылық жасағандарын мойындағанмен, қару қолданғандарын жоққа шығарды. Ал ұрлық жасады деп айыпталған айыпталушы Азамат Тоқтаубаев бұл айыпты мойындамайтынын жеткізді.

Кәмелетке толмаған айыпталушы Думан Ысқақов болса, қылмыс туралы хабарламағаны үшін тағылған айыпты мойындамайды.

Ал айыпталушы Абзал Шынасылов Шерзат Полатқа қатысты адам өлтіруге оқталу айыбын мойындамайтынын, бірақ оның ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевқа қатысты жасаған әрекеттерін және бұзақылық әрекетін мойындайтынын айтты.