«Қыздардың бірі көліктен пышақ алып беріп тұрды» – Сотта марқұм Нұрғанат Ғайыпбаевтан жауап алу хаттамасы оқылды
Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты кезекті сот отырысы өтіп жатыр.
Алматы, NEGE. Сот отырысында прокурор жәбірленуші Нұрғанат Ғайыпбаевтан 21 қазан 2024 жылы жауап алған хаттамасын оқыды.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың желтоқсан айында Нұрғанат Ғайыпбаевтың өлі денесі бейіт маңынан табылған болатын. Алдын ала болжам бойынша, ол өз-өзіне қол жұмсаған.
- Тақырыпқа орай: «Пышақты жуып жатқанын көрдім» – Шерзаттың өліміне қатысты куәгер қыздардың бірі сотта тың дерек айтты
«3 қазан 2024 жылы кешкі сағат 21:30 шамасында шәй-тамағымды ішіп, жатып қалдым. Түнгі сағат 23.00-23.30 арасында жеңгем Гүлвара мені оятып: «Нұрғанат, Қаржау хабарласып жатыр», – деп, маған телефонды берді. Мен Қаржаубаймен сөйлестім. Ол «тезірек дүкенге келші» деп айтты. Мен сосын ұйқылы-оя шерзатқа хабарластым. Себебі, Қаржаубай Шерзаттың біреумен төбелесіп қалғанын айтқан.
Мен одан мән-жайды сұрадым. Ол маған: «Нұрғанат аға, біреумен ерегесіп қалып, ұрып жібердім. Мен әкемнің Rovan маркалы автокөлігін басқарып, «Қамажай» дүкеніне бардым. Дүкеннің алдында шапка киген бала жүрді. Оның Дархан деген жігіт екенін білдім, ол Шерзатпен ерегесіп тұрды. Шерзаттың айтуы бойынша, ол дүкенге телефон қуаттағыш алу үшін келгенде, Дархан деген жігіт әкесіне дөрекі сөйлеген екен. Шерзат оны көріп тұрған. Шерзат қуаттағышын алып, дүкеннен шыққан, артынан Дархан да шығып, сыртта сырасын ішіп тұрған. Шерзат оның қасына барып: «Аға, кетпейсіз бе? Әкеме неге дөрекі сөйлеп жатырсыз?», – деп жай сұраған.
Сол кезде Дархан дөрекі жауап берген, шешесіне тіл тигізіп, балағаттаған. Сол себепті Шерзат шыдамай ұрып жіберген екен. Әрі қарай жағдайды түсіндім. Дарханға жақындап: «Не болды, бауырым? Жігітше қалай шешейік», – дедім. Ол сөзге келмеді. Оған ертең сау күйде сөйлесейік дедім. Ол телефонын алып, Нұрболға хабарласты. Нұрболды бір ауылдан болғандықтан, бұрын орталықтан көрдім. Шамамен 2-3 минутта Нұрбол деген жігіт «Гольф» маркалы автокөлігімен келді. Олар екеу еді, автокөлікті біреу айдап келді, атын білмеймін. Ол автокөліктен түсіп: «Мен «Хуторскиймін», мені танисың ба?», – деген сияқты әңгіме болды. Мен болсам, «94-жылғымын, Нұрғанат деген мен боламын. Осы Азат ауылында тұрамын» дедім. Ертесі дұрыстап сөйлесуді ұсындым. Сол кезде Нұрбол жағдайды сұрай бастады. Мен Шерзаттың Дарханды ұрып жібергенін түсіндірдім. Бірақ, Нұрбол мені балағаттап, боқтады. Мен сабырға шақырдым.
Дүкеннен Қаржаубай шықты. Ол Нұрболға төлем түспегені туралы чек көрсетті. Негізі Дархан Қаржаубайға өтірік чек көрсеткен екен. Ол дүкенге төлеуге кіріп кетті...
...Нұрбол алдымен «Чика» дегенге хабарласты, содан кейін Нұрқиясқа қоңырау шалды. Тоқтамай хабарласа берді. Сол кезде төбелес болатынын түсіндім, Шерзатқа қайт дедім. Шерзатқа әкемнің Ravon автокөлігіне отырып кетті, оны өзім көрдім. Нұрболмен қайта сөйлесіп, шешейік дедім. Нұрбол «бауырым, кешірім сұрап тұрсың ғой» деп, сол жерде тоқтады. Осылай сөйлесіп тұрған кезде Hyundai және Mercedes автокөлігі келіп тоқтады. Hyundai автокөлігінен үш не төрт адам, Mercedes автокөлігінен Абзал, Шыңғыс, Нұрқияс және тағы бір бала, екі қыз шықты. Бәрі амандасты, кейіннен көліктен түскен бірінші жігіт те амандасты, түрі таныс көрінді. Ол маған қарап «мен шалмын ғой» деді, «ары кетсе отызда шығарсың?» дедім. Ол күліп, дүкен жаққа кетіп, дүкеннің есігін ашып, артындағы жігіттерге «делайте» деді.
Бір кезде ол жігіттер маған атыла бастады. Сол кезде Нұрқияс мені ұрды. Мен оның соққысын өткізіп жібердім. Оның өзін ұрып жібердім. Соққы Нұрқиястың көкірегіне тиді. Іштен ағам Қаржаубай шыға алмай тұрды. Бір қыз жібермей тұрған екен, аяғымен тіреп тұрған. Бір қыз Mercedes-тің қасында тұрып, пышақтарды алып берген. Нұрқияс маған пышақ сермеді. Осы уақытта Шерзат қайдан пайда болғанын білмеймін, ол Абзалды ұрып жіберді», – деген Нұрғанат Ғайыпбаев жауап алу хаттамасында.