Шерзаттың өлімі: Оқиға орнында күдіктілермен бірге келген қыздардың бірі сотта жауап берді
Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне қатысты жәбірленушілерден, куәгерлерден жауап алынып жатыр.
Алматы, NEGE. Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысында оқиға орнында болған екі қыздың бірі Эльмира Нұрбекова жауап берді.
Сол күні ол оқиға орнына айыпталушылармен бірге көлікпен келген.
«Сол күні маған алдымен құрбым Дана хабарласты. Одан кейін Равиль жазды, кездесейік деді. Мен келістім. Кешкі 8-ге қарай жұмыстан шықтым да, алдымен үйге бардым. Сол кезде Дана хабарлама жазды, сосын Равиль дәмханаға шақырды. Дана менің үйіме келді. Содан бірге бардық. Дәмханада спирттік ішімдіктер іштік, бірақ мөлшерін білмеймін. Сотталушылар ішсе де, өз әрекетіне жауап беретіндей деңгейде болды.
Дәмханадан шыққаннан Нұрқияс пен Равиль бізді үйге көлікпен апарып тастаймыз, бірақ алдымен бір дүкенге барамыз деді.
Қара Мерседес болды. Рөлде бір бала болды. Артында мен, Равиль мен Нұрқияс отырдық. Біздің артымыздан тағы бір көлік жүріп отырды. Біз бір дүкенге келдік те, жігіттер бірден жүгіріп шықты. Бір топ адам болды. Дана екеуіміз көліктің ішінде отырдық. Сосын Данаға мен темекі сатып алайық дедім. Дүкенге бара жатқанда бір жігітті көрдік, бетінде жара мен қан болды. Дүкенде бізге таныс емес екі адам және сатушы тұрды. Біз темекі сатуды сұрадық. Ол кісі жоқ сатпаймын, қазір қаруымды шығарып, атамын деді. Біз шұғыл дүкеннен шығып кеттік», – дейді Эльмира Нұрбекова.
Айтуынша, дүкеннің сыртында қара көлік тұрған.
«Сұр футболка киген, сақалы бар жігіт жүгіріп шығып, айғайлап, ауаға от атты. Содан кейін ол қаруды жігіттерге қарай көздеді. Одан кейін артқа қарай бірнеше қадам жасап, тағы бір рет оқ атты. Мен Дана жаққа қарай жүгіріп бардым. Оның қасында Равиль тұрды. Мен Равильге тынышталыңдар деп айттым. Ол төбелес болып жатқан жаққа қарай жүгіріп кетті. Біз көмек сұраған әйелдің дауысын естідік. Мен жол жаққа қарай шықтым, қарадым, сол кезде адамдардың бәрі ары-бері жүгіріп жүрді. Түсініксіз жағдай болды. Қара күртеше киген жігітті артқа қарай тартып, тынышталыңдар деп айттым. Сұр футболка киген жігіт жерде жатты, ес-түссіз күйде болды. Мен сасқалақтап, не істерімді білмедім», – деді Нұрбекова.
Куәгер Эльмира Нұрбекова оқиға орнынан көлікке мініп, кетіп қалғаннан кейін қалай әрекет еткендерін айтып берді.
«Тағы бір адам болды. Абзал да болды-ау деймін. Өйткені бәріміз қыстырылысып отырдық. Біз бұрылдық та, кетіп қалдық. Тау жаққа бардық-ау деймін. Есімде жоқ. Жолда тоқтағаннан кейін бізге салонда отырсын деді. Олар өздері далада сөйлесті. Одан кейін қара джип келді. Бізді соған отырғызды. Екі жігіт болды. Үйге бара жатырмыз деп ойладым. Ал тағы бір жерде тоқтағанда полиция ұстап алды», – деді ол.