11 октября 2025 г. 16:28

Шенген аймағына кіру ережелері өзгереді

Фото: ғаламтордан
Бұл жаңа жүйе визасыз немесе визамен келетін барлық шетелдік жолаушыларға бірдей қатысты болады.

Алматы, NEGE. 2025 жылдың 12 қазанынан бастап Еуропалық Одаққа кірмейтін елдердің азаматтары үшін Шенген аймағына кіру тәртібі өзгереді.

DW басылымының мәліметінше, Шенген елдері EES (Entry-Exit System) электронды кіру мен шығу жүйесін енгізуде. Ол әуежайларда, теміржол бекеттерінде, теңіз және автокөлік шекараларында үшінші ел азаматтарының биометриялық деректерін тіркеп, тексеріп отырады.

Енді шекарадан өткен кезде төлқұжатқа мөр басылмайды, оның орнына саяхатшы туралы ақпарат арнайы еуропалық деректер базасында сақталады. Алғашқы рет тіркелгенде жолаушылар суретке түсіп, саусақ ізі тапсырады (12 жасқа дейінгі балалардан алынбайды).

Жүйе 2026 жылдың 10 сәуіріне дейін кезең-кезеңімен іске қосылады. Бастапқыда Чехия, Эстония және Люксембург жаңа жүйеге толық көшсе, Германия бұл процесті Дюссельдорф әуежайынан бастайды.

EES енгізудің басты мақсаты – шекаралық бақылауды жеделдетіп, қауіпсіздікті арттыру. Еуропалық комиссияның мәліметінше, жаңа жүйе шетел азаматтарының қозғалысын тиімді қадағалап, рұқсат етілген мерзімнен асып кеткен тұлғаларды анықтауға мүмкіндік береді.

2026 жылдың соңына қарай EES жүйесін ETIAS деп аталатын электронды рұқсат жүйесі толықтырады. Бұл жүйе визасыз елдердің азаматтарынан Шенгенге кіру алдында арнайы онлайн рұқсат алуын талап етеді.

Енді Еуропаға сапар бұрынғыдан да цифрлық, қауіпсіз әрі жылдам, ал төлқұжаттағы мөрлер тарихта қалады.