Шектеу шаралары күшейтілді

Карантин талаптарын сақтамағандар Қазақстанның Әкімшілік кодексіне сәйкес жауапкершілікке тартылады

Алматы, NEGE.  Қостанай облысының бас санитарлық дәрігері карантин шараларын қатаңдату туралы қаулыға қол қойды.

Оған сәйкес, адамдар автокөлік өткелдерінде мемлекеттік шекараны кесіп өткенде коронавирус жұқтырмағаны туралы ПТР-анықтама көрсетуге міндеттелді. Оның мерзімі үш тәуліктен аспауы керек. Бес жасқа дейінгі балалар үшін анықтама талап етілмейді. Жүк тасымалын орындайтын және Қазақстан арқылы транзитпен өтетін жүргізушілердің дене қызуы өлшеніп, анкета толтырады.

Сондай-ақ, облыста такси қызметінің жұмысы 22.00-ден 06.00-ге дейін шектелді. СПА-орталықтар, сұлулық салондары, шаштараздарға 08.00-ден 19.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілді. Жексенбі күні олар жабық болады. Супермаркеттер мен азық-түлік дүкендері кешкі 21.00-ге дейін істейді. Дәріханалардың жұмысына шектеу қойылмайды.

Жасы 65-тен асқан азаматтарға алғашқы қажеттілік тауарларын жеткізу үшін еріктілердің жұмысын жандандыру тапсырылды.

Полиция түрлі бұқаралық шаралар, соның ішінде той-томалақ жасауға жол бермеу және оларды анықтау жұмысын жалғастыруы тиіс.

Бұған дейін 13 қарашадан бастап басқа өңірлердің тұрғындарына ПТР-тест болмаған жағдайда Көкшетауға кіруге тыйым салынатыны хабарланған еді. 7 қарашада Көкшетау периметрі бойынша санитарлық бекеттер қойылды. Олар қала аумағына кіріп-шыққандардың дене қызуын тексеріп, анкета толтыртқызады және есепке алады. Сондай-ақ, сағат 21.00-ден 6.00-ге дейін жаяу және автокөлікпен жүруге тыйым салынады.

Қазір оқып жатыр

Анталияда таксимен соқтығысқан қазақстандық көз жұмды

Төлеутай Рақымбеков «Ауыл» партиясынан шықты

Жақсылық Омарға қатысты үкім қайта қаралады

Президенттің сәйгүлігі туралы шетелдік басылымдар жарыса жазып жатыр