Шекара бөлісу қайта басталды
Қырғызстан мен Тәжікстан екі ел арасындағы шекара маңындағы жерлерді бөліске салуды жоспарлап отыр. Осы мәселе жөнінде тәжік жерінде екіжақты кездесу өтті.
Алматы, NEGE. «Топографиялық жұмыс тобына 1 наурызға дейін «Самаркандек» және «Көк-Таш» шекаралық аймақтары маңындағы Баткен ауданы мен Исфара қаласына тиесілі жерлерді және одан басқа да 114 шақырымдық қос ел шекарасын келісілген тең дәрежеде реттестіру тапсырылды», – дейді қырғыз үкіметінің баспасөз қызметі.
Қаңтар айының басында қырғыздың Көк-Таш ауылының бірнеше үйі мен көліктеріне белгісіз біреулер тас лақтырып, оқиға орнына келген шекарашылардың көлігіне тәжік тарапынан оқ атқан. Бұл оқиғаға қатысты ресми Душанбе «жергілікті тұрғындар мен шекарашылар арасындағы текетірес пен мылтық атуды қырғыз тарабы бастады» деп мәлімдеме жасады. Өткен аптада шекараның екі бетіндегі көршілес екі ауылдың тұрғындары таспен атқыласты. Содан кейін Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков шекара мәселесін жеделдету туралы тапсырма берді.