Шайға адал, кофеге құмар: қазақстандықтардың таңдауы қалай өзгеріп жатыр?

БАҚ-та қазақстандықтардың кофе тұтыну көрсеткіші қатты артып жатқаны туралы жаңалық жиі шығып жатады. 

Pixabay.com

Астана, NEGE. 2004-2025 жылдар аралығындағы сыртқы сауда статистикасына қарасақ, Қазақстанда кофе мен шайға деген сұраныс әртүрлі қарқынмен өзгерген. 2004 жылы елге небәрі 103,9 тонна кофе импортталса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 3 442,9 тоннаға жеткен. Яғни 21 жыл ішінде кофе импортының көлемі 33 есе артқан. Ақшалай мәнде импорт құны 968,5 мың доллардан 32,8 млн долларға дейін ұлғайып, шамамен 34 есе көбейген.

Ал шай нарығында мұндай серпінді өсім байқалмаған. Қазақстан 2004 жылы 27,4 мың тонна шай импорттаса, 2025 жылы 29,1 мың тонна шай алдырған. Өсім тоннамен есептегенде 6,4%, ақшалай мәнде 80% болған: 44,1 млн доллардан 79,5 млн долларға дейін артқан. Жыл сайынғы импорт көлемі орта есеппен 25-31 мың тонна аралығында сақталып отыр. Бұдан қазақстандықтардың шайқұмарлығын қымбатшылық та азайта алмағанын көруге болады.

NEGE

Бір сөзбен айтсақ, Қазақстан халқы ыстық сусын нарығында шайға адал, кофеге құмар тұтынушы болып отыр.

Кофебум кезеңі

Кофеге деген сұраныс әсіресе 2022 жылдан кейін қатты өскен. 2021 жылы Қазақстанға 603,3 тонна кофе импортталса, 2022 жылы бұл көрсеткіш бірден 1 682 тоннаға дейін ұлғайған. 2023 жылы 1 965,6 тоннаға, 2024 жылы 2 594,5 тоннаға, ал 2025 жылы 3 442,9 тоннаға жеткен. Осылайша, төрт жылдың ішінде ғана кофе импорты тағы 5,7 есе өскен.

Статистикаға сүйенсек, кофенің экспорты мардымсыз. Бұл сұранысты реэкспорт емес, ішкі нарықтың өзі арттырғанын көрсетеді. Импортталған кофеден экспорт көлемін шегеріп тастағанның өзінде, бір адамға шаққандағы кофе үлесі 2004 жылғы 6,8 грамнан 2025 жылы 168 грамға дейін өсіп, шамамен 25 есе артқан. Ал шайдың адам басына шаққандағы импорт үлесі 1,82 келіден 1,38 келіге дейін төмендеп, шамамен 25% азайған.

NEGE

Кофенің түріне қарай жіктесек, кейінгі 20 жылда өңделген кофе өнімдеріне сұраныс жоғары болғанын көреміз. Қуырылмаған, кофеині бар кофе импорты 2004 жылғы 3,5 тоннадан 2025 жылы 2 374,3 тоннаға дейін жетіп, 678 есе артқан. Қуырылған, кофеині бар кофе импорты 90,8 тоннадан 882,3 тоннаға дейін, яғни шамамен 9,7 есе өскен. Ал кофе сығындылары мен концентраттарының импорты 1 335,3 тоннадан 17 913,5 тоннаға дейін ұлғайып, 13,4 есе артқан. Сығындыдан әзірленетін капучино сияқты дайын өнімдер мен дайын кофе қоспаларының импорты 1 488,2 тоннадан 3 840,8 тоннаға дейін, яғни 2,6 есе өскен. Бұл Қазақстандағы кофе нарығының соңғы жиырма жылда негізінен өңделген, ерітілетін және тұтынуға дайын кофе өнімдерінің есебінен кеңейгенін көрсетеді.

Бұл өзгерістер бөлшек саудада да айқын байқалады. 2016 жылы Қазақстанда Starbucks желісінің небәрі 6 кофеханасы болса, 2025 жылы олардың саны 40-қа жеткен. Осы кезеңде жергілікті желілер де қарқынды дамыды. Zebra Coffee франшизалары 130-дан астам, Coffee Boom 129, ал Espresso Day 100-ден астам кофехана ұстап отыр. Кофеханалар санының бұлайша өсуі қуырылған кофе, кофе сығындылары мен дайын кофе өнімдері импортының бірнеше есе артуымен қатар жүрді.

Үнді шайынан Кения шайына

Шай импортының көлемі салыстырмалы түрде тұрақты болғанымен, оны жеткізетін елдердің құрамы айтарлықтай өзгерді. 2004 жылы Қазақстан шайдың көбін Үндістаннан импорттаған еді 15,95 мың тонна. Екінші орында Кения – 5,9 мың тонна, үшінші орында Шри-Ланка – 1,84 мың тонна тұрды. Сонымен қатар Қытайдан 934 тонна, Вьетнамнан 687 тонна, Индонезиядан 481 тонна, Түркиядан 91 тонна және Грузиядан 37 тонна шай импортталған.

Ал 2025 жылы Кения ең ірі жеткізушіге айналып, Қазақстанға 13,27 мың тонна шай экспорттаған. Үндістан 9,16 мың тоннамен екінші орынға түсті. Қытайдан импорт 3,25 мың тоннаға, Шри-Ланкадан 1,23 мың тоннаға, Вьетнамнан 1,16 мың тоннаға жетті. Бұдан бөлек, Египеттен 493 тонна, Өзбекстаннан 186 тонна, Ираннан 158 тонна, Бангладештен 88 тонна және Түркиядан 35 тонна шай импортталды.

Осылайша, соңғы жиырма жылда Үндістаннан жеткізілетін шай көлемі 42,6% азайып, Кениядан келетін импорт 2,25 есе, Қытайдан 3,5 есе, Вьетнамнан шамамен 70% өскен.

NEGE

Бұл сандардың бәрі Қазақстандағы ыстық сусындар нарығының соңғы жиырма жылда елеулі өзгеріске ұшырағанын көрсетеді. Шай жалпы тұтыну көлемі бойынша жетекші орнын сақтап қалғанымен, халық санына шаққандағы тұтыну үлесі төмендеген. Ал кофе, керісінше, импорт көлемі, жан басына шаққандағы тұтыну, өңделген өнімдердің үлесі және кофеханалар желісінің кеңеюі бойынша қарқынды өсіп, күнделікті тұтыну мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналып келеді.

 

Автор Анық Есімбай