13 ноября 2025 г. 15:27

Шавкат Рахмоновтың жұбайы қатысқан жол-көлік оқиғасын тергеу аяқталуға жақын

Фото: instagram.com/jagdaikz

Шавкат Рахмоновтың жұбайы қатысқан жол-көлік оқиғасы бойынша тергеу аяқталуға жақын. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.

Астана, NEGE. Әділов бұл іс Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі бойынша – «Абайсызда адам өліміне әкелген жол қозғалысы ережелерін бұзу» дерегімен тергеліп жатқанын айтты.

«Тергеу әрекеттерінің басым бөлігі аяқталды, соңғы кешенді автотехникалық сараптаманың қорытындысын күтіп отырмыз. Нәтижесіне қарай айып тағу және істі сотқа жіберу туралы шешім қабылдаймыз», – деді вице-министр.

Жол-көлік оқиғасы 27 шілде күні таңертең Алматы – Екатеринбург тас жолының 299-шақырымында болған. Полиция мәліметінше, Toyota Land Cruiser 200 көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен. Апат салдарынан екі адам қаза тауып, Рахмоновтың жұбайы мен ұлы ауруханаға жеткізілген.

Жүргізуші 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұған дейін көлікті Шаваттың әйелі Гүлайым Рахмонова жүргізгені туралы айтылған.