Шавкат Рахмоновтың бұрынғы әйелі бесінші баласын дүниеге әкелді
Аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың бесінші сәбиі дүниеге келді.
Астана, NEGE. Сүйінші жаңалықты спортшының бұрынғы жұбайы Гүлайым Рахмонова жеткізді. Ол Instagram желісіндегі жеке парақшасында сәбидің фотосын жариялады. Дегенмен анасы нәрестенің ұл не қыз екенін, қандай есім қойғанын ашып жазбаған.
Еске салсақ, Гүлайым Рахмоноваға жол апатына байланысты 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған еді. Ол 2025 жылы 27 шілдеде Алматы – Екатеринбург тасжолының 299-шақырымында болған жантүршігерлік жол-көлік апатына кінәлі деп танылды. Апатқа ұшыраған Toyota Land Cruiser 200 көлігінің рөлінде Рахмонова болған. Апат салдарынан екі адам қаза тапты.
Алайда оның төрт кішкентай баласы бар екені ескеріліп, негізгі жазаның орындалу мерзімі 5 жылға кейінге қалдырылды.
Сот процесі аяқталғаннан кейін Шавкат Рахмоновтың бұрынғы жұбайы журналист Руслан Өтепбайға арнайы сұхбат беріп, қазіргі уақытта ерлі-зайыпты арасында заңды ажырасу процесі жүріп жатқанын, жұбайы анасын таңдағанын, неке шартына отыруға қалай көндіргенін айтып берді. Ол, сондай-ақ, спортшыдан балаларына тиесілі екі пәтерді өзінің не балаларының атына жазып беруін талап ететінін жеткізді.