Шавкат Рахмонов UFC-дегі келесі жекпе-жегін қашан өткізеді?
Алматы, NEGE. Sport24 YouTube каналының мәліметінше Рахмонов өткен жылдың желтоқсанында ирландиялық Иэн Гэрриді жеңгеннен бері сегізбұрышқа шықпаған.
"Қараша айында Ислам (Махачев) Маддаленамен жекпе-жек өткізетінін ескерсек, чемпионмен бір күнтізбеде болу үшін Шавкатқа шамамен осы уақытта өнер көрсету дұрыс шешім болар еді. Шавкат былтыр желтоқсанда белбеу үшін төбелесуі керек еді – Белал (Мұхаммед) жарақат алып қалды. Содан кейін Шавкатқа мамыр айында титул үшін жекпе-жекке шығу ұсынылды, бірақ бұл жолы оның жарақаты болды. Дивизион алға жылжып, жаңа есімдер пайда болып жатыр. Сондықтан, ең бастысы, денсаулыққа қатысты проблема болмауы керек. Егер денсаулықта ақау болмаса, қараша айында (Камару) Усманмен немесе Белалмен неге төбелеспеске?», - деді Әбдірахманов.
Шавкат Рахмонов ММА-де 19 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен. Ол жартылай орта салмақта UFC рейтингінде 3-ші орында тұр.
Еске сала кетейік, 27 шілде күні Алматы – Екатеринбург тас жолында Шавкат Рахмоновтың жұбайы тізгіндеген Toyota Land Cruiser 200 көлігі жол апатына ұшырады. Автокөлікте төрт адам отырған, оның ішінде спортшының ұлы да бар. Жол апаты салдарынан 39 және 35 жастағы екі әйел көз жұмды, ал Рахмоновтың отбасы мүшелері Шу қаласындағы ауруханаға жеткізілді.
UFC-дің жартылай орта салмақтағы рейтингінде екінші орында тұрған Шон Брэди жуырда қазақстандық жұлдызға жекпе-жекке шығу туралы ұсыныс жасаған еді. Бірақ спортшы ол кезде Шавкаттың отбасындағы жағдай туралы естімеген болып шықты.