Шахмұрат Мүтәліп «Алтыналмастың» ірі акционерлерінің қатарына қосылды

Қазақстандық кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліптің үлесі бар Central Asia Resources Holding алтын өндіретін «Алтыналмас» компаниясының ірі акционерлерінің бірі атанды.

Шахмұрат Мүтәліптің желі парақшасынан

Астана, NEGE. Қаржылық есептілік депозитарийінің мәліметінше,  23 қараша күні «Алтыналмас» АҚ-ның ірі акционерлерінің құрамы өзгерген. Енді компанияның ірі акционерлері қатарында Владимир Жұманбаев, нидерландтық Gouden Reserves B.V. және Central Asia Resources Holding Ltd. бар.

Central Asia Resources Holding 2026 жылғы қаңтарда Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген. AFSA тізіліміндегі мәлімет бойынша, оның акционерлері қатарында Шахмұрат Мүтәліп бар.

Экономист Арман Батаев акционерлер құрамындағы өзгеріске назар аударған. Оның айтуынша, бұл өзгеріс Central Asia Resources Holding 1,5 млрд доллар көлемінде облигация шығарған күні орын алды.

Облигацияларды шығару шарттарына сәйкес, тартылған қаражат тау-кен өндірісі саласындағы компаниялардың акцияларын сатып алуға бағытталуы тиіс.

«Ашық жарияланған ақпаратқа қарағанда, акцияларды беру процессі басталған. Алайда мәміле әлі аяқталған жоқ, өйткені бұрынғы иелері «Алтыналмастың» ірі акционерлері қатарында әлі де көрсетілген», – деп жазды Арман Батаев.

Еске салайық, биыл наурыз айында Шахмұрат Мүтәліпке тиесілі құрылым «Алтыналмастың» 100% акциясын сатып алу туралы келісімге қол қойды.

Forbes Kazakhstan бағалауынша, бүгінде 36 жасар кәсіпкердің байлығы 482 млн долларға жетеді. Ол 2026 жылғы Қазақстанның ең бай бизнесмендері рейтингінде 22-орынға, ал қазанда жарияланған елдегі ең ықпалды 50 бизнесмен тізімінде бесінші орынға жайғасқан.

Мүтәліп – Integra Construction KZ құрылыс компаниясының бенефициарлық иесі. 2026 жылғы мамырда оған тиесілі Nature Energy Solutions Ltd. компаниясы Eurasian Resources Group (ERG) акцияларының 39,3%-ын сатып алған.

Биыл Integra Construction KZ компаниясы Ауғанстанда теміржол салған болатын.