Спорт министрлігі: «Асаубаеваның дайындығына 2026 жылы 100 млн теңге бөлінді»

Шахматшы Бибісара Асаубаеваны мемлекет тарапынан қолдау айтарлықтай артып келеді.

sports.kz

Астана, NEGE. Бұл жөнінде туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев мәлімдеді.

«Жалпы алғанда, алдыңғы жылдармен салыстырсақ, тек туризм және спорт индустриясын қолдау қоры арқылы Бибісара Асаубаеваның халықаралық жарыстарға дайындалуына 2024 жылы 64 миллион теңге бөлінді. 2025 жылы бұл сома 79 миллион теңгеге жетті, ал 2026 жылы 100 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылды, яғни қаржыландыру көлемі артқан», – деді Серік Жарасбаев.

Бұған қоса ол федерация тарапынан қаржылай қолдаудың да оң динамика көрсетіп отырғанын атап өтті. Вице-министрдің айтуынша, мұның бәрі спортшының халықаралық жарыстарға толыққанды дайындалып, жоғары деңгейде өнер көрсетуіне бағытталған. 

Сондай-ақ ол Бибісара Асаубаеваның Туризм және спорт министрлігінің «Спортты дамыту дирекциясы» ұйымы арқылы 2024 жылға дейін 1 млн теңге еңбекақы алып келгенін, өткен жылдан бастап жалақысы қысқартылғанын растады.

Бұған, вице-министрдің түсіндіруінше, спорттың 46 басым түрінің тізіміне шахматтың енбей қалуы себеп болған. Өткен жылы заңнамаға енгізілген түзетуде 46 басым спорт түрі айқындалған. Олардың қатарына Олимпиада ойындары, Паралимпиада ойындары бағдарламасына кіретін спорт түрлері, ұлттық спорт түрлері, сондай-ақ Азия ойындарының бағдарламасына енгізілген олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлері енген.

«Өкінішке қарай, биылғы жылдың қыркүйегінде өтетін Азия ойындарының бағдарламасында шахмат жоқ. Осыған байланысты заңнама талаптарына сәйкес біз оған бұрын төленген көлемдегі жалақыны енді төлей алмаймыз, – деп түсіндірді мән-жайды Жарасбаев.

Айта кетейік, бұған дейін шахматтан халықаралық гроссмейстер, әлемдік рейтингте әйел шахматшылар арасында үздік бестікке енген Бибісара Асаубаева туризм және спорт министрлігінің жұмысына шағымданып Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына бейнеүндеу жолдады.

Спортшының мәлімдеуінше, халықаралық жарысқа өзі ұтып алған қаражат пен ата-анасының қаржысына дайындалуына тура келген. 2023 жылы Әлем чемпионатында екінші алтын медалін жеңіп алғаннан кейін Спорт министрлігінен алып келген 1 миллион теңгесі Ербол Мырзабосынов министр болып келгеннен кейін үш есе қысқарып қалған.

Қаңтарда бапкері екеуі министрмен кездесіп, федерацияға бөлінетін қаражаттың жеткіліксіз екенін түсіндіріп, көмек сұраған. Министр мәселені «Sport Qory» қолдау қоры арқылы шешіп беретінін айтып, уәде берген. Алайда, шахматшының айтуынша, уәде сол күйі орындалмаған.