Шахматшы Бибісара Асаубаева Спорт министрлігіне шағымданып Тоқаевтан көмек сұрады
Шахматтан халықаралық гроссмейстер, әлемдік рейтингте әйел шахматшылар арасында үздік бестікке енген Бибісара Асаубаева Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына бейнеүндеу жолдап, көмек сұрады.
Астана, NEGE. Оның айтуынша, Норвегияда өткен беделді халықаралық турнирлердің бірінде мерзімінен бұрын жеңімпаз атанған. Алайда осынау маңызды турнирге өзінің жүлдеге алған қаражаты мен ата-анасының қаржысына дайындалуына тура келген. Тіпті турнирде көмектескен секунданттар мен талдаушылардың ақысын әлі күнге дейін төлей алмаған.
«Президент мырза, өз сөзіңізбен айтқанда, мен еліміздің "алтын қорына" жатамын. Менің медальдарым орасан зор еңбекпен келеді. Барлық кедергіге қарамастан, спортшы ретінде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, еліміздің абыройын биік ұстап келемін.
Алайда жылдан-жылға қиындықтарға тап болып келемін. Әсіресе Спорт министрлігімен жұмыс істеу барған сайын қиындап барады», – деді Асаубаева.
Олимпиада медалін жеңіп алғандарға 250 мың доллар көлемінде сыйақы тағайындалатын болса, Шахматтан Әлем чемпионатындағы алтын үшін екі мың доллар ғана берілетін көрінеді.
Шахматшы қыз 2023 жылы Әлем чемпионатында екінші алтын медалін жеңіп алғаннан кейін Спорт министрлігінен айына 1 миллион теңге көлемінде жалақы алып келген.
«Алайда Ербол Мырзабасынов министр болып келгеннен кейін, 2025 жылдан бастап жалақым үш есеге қысқартылды. Қазақстан шахмат федерациясы тарапынан ешқашан жалақы алған емеспін, қазір де алып жүрген жоқпын», – деді ол.
2026 жылдың қарсаңында блиц-шахматтан үшінші рет Әлем чемпионы атанғаннан кейін де Спорт министрлігі Бибісара Асаубаеваның жалақысын көтеруге асыға қоймаған.
Қаңтар айында бапкері екеуі министрмен кездесіп, федерацияға бөлінетін қаражаттың жеткіліксіз екенін түсіндіріп, көмек сұраған. Министр шахматшы мен бапкеріне «жүз пайыз көмектесетінін», мәселені «Sport Qory» қолдау қоры арқылы шешіп беретінін айтып, уәде берген.
«Біз қорға өтінім бердік, алайда сұралған қаражаттың тек бір бөлігі ғана бөлінді. Соның салдарынан секунданттарымыз қашықтан жұмыс істеуге мәжбүр болды. Осы маңызды жарысқа секунданттарын ертіп келе алмаған жалғыз шахматшы мен болдым. Соған қарамастан турнирде екінші орын алдым», – деді Асаубаева.
Осыдан кейін министрдің нұсқауымен қорға екінші рет өтінім берген. Спорт вице-министрі Серік Жараспаев WhatsApp желісі арқылы «Sport Qory» қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы ретінде шахматшының өтінімін мақұлдау туралы құжатқа қол қойғанын хабарлаған. Алайда көп ұзамай қор басшысы Ерлан Ауғанбаевтан жауап келген, онда өтінім қанағаттандырылмайтыны айтылған, бірақ оның себебі көрсетілмеген.
Бұған қоса министрлік шахматшы қызды Президенттің 2025 жылғы 30 желтоқсандағы жарлығымен тағайындалған ІІ дәрежелі «Барыс» орденін табыстау үшін үш рет шақыртқандықтан, ол Астанаға үш мәрте ұшып келген.
Алайда орден сол күйі шахматшының қолына тимеген.
«Біз сәуір және мамыр айларында eOtinish арқылы сіздің атыңызға үш хат жолдадық. Әлі күнге дейін жауап алған жоқпыз. Сонымен қатар хаттарды WhatsApp арқылы министрге де жібердік. Жауап жоқ.
Алда маңызды жарыстар, оқу-жаттығу жиындары және үлкен жұмыс күтіп тұр. Не істеуім керек, Президент мырза?», – деді Бибісара Асаубаева.
Айта кетейік, шахматшы Бибісара Асаубаеваның Президентке жолдаған видеоүндеуі жарияланғаннан кейін Туризм және спорт министрлігі осы жайт бойынша журналистермен шұғыл брифинг өткізілетінін хабарлады.