Шахматшы Бибісара Асаубаева ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды
Шахматтан халықаралық гроссмейстер Бибісара Асаубаева Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тағайындаған ІІ дәрежелі «Барыс» орденіне қол жеткізді.
Астана, NEGE. Сүйінші жаңалығын шахматшы қыз Telegram-дағы арнасында жеткізді.
«Көптен күткен ІІ дәрежелі "Барыс" орденін алдым. Менде ІІІ дәрежелі орден бар, енді І дәрежелі орден ғана қалды. Сонда толық кавалер боламын. Қараңыздаршы, қандай әдемі. Міне, "Барыс". Түсі де әдемі екен», – деді Бибісара Асаубаева желіде жаңа орденін көрсетіп.
Еске салсақ, бұған дейін Бибісара Асаубаева Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына бейнеүндеу жолдап, Туризм және спорт министрлігіне шағымданған еді.
Ол Ербол Мырзабасынов министр болып келгеннен кейін еңбекақысы үш есеге қысқарғанын, соның салдарынан халықаралық турнирлерге өз қалтасынан қаражат шығарып, дайындалуға тура келгенін айтты. Сондай-ақ шахматшы Президент 2025 жылы тағайындаған ІІ дәрежелі «Барыс» орденін әлі күнге дейін ала алмай жүргенін атап өткен еді.
Осы бейнеүндеуден кейін Серік Жарасбаев брифинг өткізіп, Бибісара Асаубаеваның халықаралық жарыстарға дайындалуына 2024 жылы 64 млн теңге, 2025 жылы 79 млн теңге, ал 2026 жылы 100 млн теңге көлемінде қаржы қарастырылғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ ол шахматшының еңбекақысы неліктен үш есе қысқарғанын түсіндіріп өтті.