Шабуылдардан кейін Қазақстан мұнайы КҚК терминалы арқылы қайта жөнелтіле бастады
Қазақстан мұнайы Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалы арқылы танкерлермен қайта экспорттала бастады.
Астана, NEGE. Bloomberg ақпаратынша, соңғы бірнеше күнде Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумы терминалында төрт танкерге Қазақстан мұнайы тиелген. Бұдан бөлек тағы кемінде үш танкер кезек күтіп тұр.
«Қазақстан билігі демалыс күндері мұнай өндірушілердің КҚК терминалына мұнай жеткізуді жалғастырып жатқанын, алайда жеткізу көлемі әдеттегіден аз екенін хабарлады», – делінген ақпаратта.
Агенттік салалық дереккөздерге сілтеме жасап, теңіз терминалының жұмысқа толық дайын екенін және шабуылдарға дейінгі көлемде мұнай жөнелтуге қауқарлы екенін жазады. Алайда экспорт қарқыны танкерлердің қолжетімділігі мен ауа райына тәуелді болып отыр.
Қазақстан мұнайының КҚК арқылы экспортталуының қайта жандануы әлемдік мұнай нарығына түсетін қысымды азайтады. Қалыпты жағдайда консорциум инфрақұрылымы арқылы әлемдегі мұнай көлемінің шамамен 2%-ы тасымалданады.
Дегенмен Қара теңізде танкерлерге дрондармен қайта шабуыл жасалуы мүмкін деген қауіп әлі де сейілген жоқ. Осыған байланысты көптеген компания кемелерін КҚК терминалына жіберуге сақтық танытып отыр.