Съезд «Әділет» партиясының Жарғысына ауқымды өзгерістерді бекітті

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Әділет» партиясының кезектен тыс III съезі өтті. Оған Қазақстанның барлық өңірінен келген мыңнан астам делегат, облыстық филиалдардың, қоғамдық бірлестіктердің, сарапшылар қоғамдастығының өкілдері және шақырылған қонақтар қатысты.

«Әділет» партиясы

Астана, NEGE. Съездің пленарлық отырысы басталар алдында партия Саяси кеңесінің отырысы өтіп, онда күн тәртібіндегі мәселелер мен партия қызметінің негізгі бағыт-бағдары талқыланды.

III съезд делегаттары сайлауалды бағдарламаны, кандидаттардың партиялық тізімін бекітіп, партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізді, мүшелік жарналардың мөлшерін айқындады, сондай-ақ қорытынды Қаулы қабылдады.

10 шілдеге дейін партия ұйымдық құрылымын толық қалыптастырып, өңірлік желісін құрды және басшылық органдарын жасақтады. Өңірлік саяси кеңестердің құрамына 808 адам, бақылау-тексеру комиссияларының құрамына 100 адам енді. Олардың қатарында шағын және орта бизнес, білім беру және ғылым, үкіметтік емес сектор мен кәсіподақтар, мәдениет және спорт, өнеркәсіп, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, денсаулық сақтау, бұқаралық ақпарат құралдары, экономика, құқықтану, IT және креативті индустрия салаларының өкілдері бар.

«Әділет» партиясы түрлі кәсіби қоғамдастықтар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілі саналатын қазақстандықтардың бастамасымен құрылды. 2026 жылғы 7 мамырда Астана қаласында партияның құрылтай съезі өтті. 2026 жылғы 1 маусымда заңнамаға сәйкес, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі «Әділет» саяси партиясын мемлекеттік тіркеуден өткізді.