12 декабря 2025 г. 16:13

Серік Шәпкенов Құрманғазы ауданының тұрғындарымен кездесті

Фото: Атырау облысы әкімдігі

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Сүйіндік ауылында Құрманғазы ауданының халқымен кездесіп, өңірдің даму қорытындылары мен алдағы жоспарлар жайында баяндады.

Тұрғын үй және жер мәселесі

Кадырка ауылында NCOC компаниясының демеушілігімен 60 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталды. Әлеуметтік осал топтағы 107 азаматқа пәтер сатып алынып, оның бірнешеуі пайдалануға берілді. Құрманғазы ауылындағы үш апатты үйдің тұрғындары толық көшірілді, келесі кезекте тағы үш үй көшірілу жоспарда бар. Шипажай және Орлы елді мекендерінде 300-ден астам жер учаскесіне инженерлік инфрақұрылым желілері тартылып жатыр, кейін бұл учаскелер жер кезегінде тұрғындарға беріледі.

Атырау облысы әкімдігі

 

Коммуналдық инфрақұрылым және сумен қамту

Көптоғай, Ақкөл, Лазо ауылдарында электр желілері жаңартылып, көшелер жарықтандырылды. Бүгінде трансформаторлар, бағаналар мен желілер алмастырылуда. Бөкейхан және Кудряшов ауылдарында су тазарту имараттары қайта жаңғыртылуда. Бұл 3 мың тұрғынды таза сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тағы он бір ауылда жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп, құрылыс жұмыстары 2026 жылы басталады.

Жол және көлік

«Құрманғазы – Теңіз – Бірлік» жолы бойынша күрделі жөндеу жалғасуда, негізгі бөлігіне жаңа жабынды төселді. 43 шақырымдық «Ақкөл – Ғ.Әліпов – Жыланды – 4-разъезд – Қиғаш» жолын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар кірме және ауылішілік жолдар салынып жатыр. 2024 жылғы желтоқсаннан бастап «Атырау – Құрманғазы – Атырау» бағытында 6 автобус қатынайды. Ақкөлде заманауи теміржол вокзалы салынып жатыр.

Атырау облысы әкімдігі

 

Қауіпсіздік және медицина

Ауданда 400 бейнекамера орнатылуда, олардың ішінде жылдамдықты анықтайтын 44 камера бар. Құрылғылар 2026 жылы іске қосылады. Бөкейхан және Сүйіндік ауылдарында өрт деполары ашылды. Он ауылда жаңа медпункт пен амбулатория ашылып, 7 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Аудандық ауруханада МРТ корпусы салынуда, сондай-ақ стационар бөлімі мен зертхана жөнделуде. Құрманғазыда жаңартылған әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ашылды.

Білім, кәсіпкерлік, мәдениет және спорт

Құрманғазы және Ақкөл ауылдарында 600 орындық екі мектептің құрылысы жүріп жатыр. Сегіз мектеп реновациядан өтеді, ал Жасталап ауылында балалар лагері салынады. Шалғай ауылдардағы мектептерді спутниктік интернетке қосу жұмыстары жүріп жатыр.

Атырау облысы әкімдігі

Жыл басынан бері жаңа жеті кәсіпкерлік нысаны іске қосылды. Балық зауыты, балық қабылдау цехы, кемпинг жобалары жүзеге асып, 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Төрт ауылда мәдениет үйі салынды. Бірқатар елді мекенде спорт кешендерінің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жаңа спорт алаңдары қолданысқа берілді.

Атырау облысы әкімдігі

Тұрғындар ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару және бөлу мәселесін көтерді. Әкім жерді тиімді пайдалану қағидаттарында өзгеріс жоқ екенін, игерілмеген учаскелер мемлекетке қайтарылып, кейін еңбек етуге дайын азаматтарға берілетінін атап өтті.

Кездесуден кейін облыс әкімі жеке қабылдау өткізді.