Серікжан Біләш: Коронавирустан Қытайда 112 мың адам өлгені туралы дерек бар
«Атажұрт» ұйымының белсендісі Серікжан Біләш Nege.kz порталына Қытайдың Ухан қаласынан тараған коронавирусқа қатысты пікірін айтты.
– 2002-2003 жылдары Қытайда осыған ұқсас ауру болған. Сол кезде де ДСҰ Қытайды қатаң сынаған. Себебі ол кезде де Қытай ақпаратты құпия ұстады. Ұйым бірлесіп жұмыс істеуге қанша мәрте шақырғанымен, Қытай мойын бұрмады.
Коронавирус бойынша да Қытай тарапынан мақсатты немесе мақсатсыз, біліп немесе білмей істеген қателіктер кетті. Бұл – саяси құпия. Мұны ешкім білмейді.
Батыс БАҚ-тарының, зертеушілерінің айтуынша, вирустың алғашқы белгілері 2019 жылдың желтоқсанында байқалған. Қытай Ухан қаласына арнайы маман жіберіп, ол Саяси бюрода мұны айтқан. Бірақ бәрі елеусіз қалды. Себебі Қытай халыққа үрей туғызатын нәрсенің бәрінен сақтанады. Қашан көрсең де, Компартия «мынау өтірік, анау өтірік», «өсекшілер қатаң жазаланды» деп тынымсыз, тоқтаусыз насихаттайды да жатады. Қытай үшін халықтың мыңдап қырылуы емес, Компартияның шексіз билігін сақтап қалуы маңыздырақ. Ақпаратты құрсаулау – Қытайдың ежелден жұмыс тәсілі. Соның кесірін енді тартып жатыр.
Ухан қаласының жергілікті белсенділері «сұмдық вирус байқалды, өкпенің жұмысын тоқтатады, тез жұғады» деп талқылай бастағанда билік мұның бәріне тыйым салып, Ухан қаласында ондаған мың адам қатысқан мерекелік шара ұйымдастырған.
HAL Turner Radio Show сайтында айтылған дерек тіпті сұмдық! «Қытайдағы коронавирустан 23 миллион адам оқшауланды, 2,8 миллион адам вирус жұқтырып, 112 мың адам өлді» дейді. Бұл рас па, өтірік пе, ол жағы әзірге белгісіз.
Қытайлардың өздері бұл вирустың жануарларда қандай негізде пайда болатынын айта алмай отыр. Эпидемиологтардың айтуынша, бұл қамыс тышқанынан (бамбук тышқаны) және борсықтан жұғу мүмкіндігі жоғары. Мұны қытай мамандарының өздері айтып отыр.
Ухандағы «Жабайы жануарлар базарында» сатылмайтын нәрсе жоқ. «Түз дәмі» деп, елдің қолы жете бермейтін құрт-құмырсқаның бәрін қымбатқа сатады. Міне, қытайлардың өздері де осыдан жұққан болуы мүмкін дейді.
Ухан қаласында Қытайдың биологиялық үлкен зертханасы бар екен. Коронавирус осы зертханадан әдейі немесе абайсызда, мақсатсыз немесе мақсатты түрде таратылған болуы да мүмкін...