Сербияда қазақ қызы жұмбақ жағдайда көз жұмды

Желіде Сербияда Қазақстан азаматы қаза тапқаны туралы ақпарат тарады.

tiktok.com/@homeart_mebel

Астана, NEGE. Бұл ақпаратты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі растады.

Марқұмның әкесі желіде сурет жариялап, қызының Сербия астанасы Белградта көз жұмғанын мәлімдеді. Әкесі қызының алтыншы қабаттан құлап кетуі мүмкін екенін, оның жұмбақ өліміне екі қыз бен бір ер адамның қатысы болуы ықтимал екенін айтады. Сондай-ақ қызын еркінен тыс ұстаған болуы мүмкін екені айтылған.

Қайғылы жайтқа байланысты Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Сербиядағы елшілігі жергілікті құзыретті органдармен бірлесіп, оқиғаның мән-жайын анықтап жатқанын хабарлады.

«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Сербияда қаза тапқан Қазақстан азаматының туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады», – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.

Қазіргі уақытта қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен тұрақты байланыс орнатып, оларға жан-жақты консулдық-құқықтық қолдау көрсетіп жатқаны мәлім болды. Қазақстан азаматының қазасын министрлік ерекше бақылауға алған.