Сенатта ТМД елдері қарулы күштерінің ынтымақтастығын жетілдіру жөніндегі құжаттар қаралады

Нұр-Сұлтан

, NEGE. Палата Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен Бюро отырысы өтіп, онда депутаттар биылғы 7 қазанына жоспарланған Сенат отырысының күн тәртібін бекітті, деп хабарлайды Сенат баспасөз қызметі.

«Отырыстың күн тәртібіне «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің бірлескен гуманитарлық минасыздандыру инженерлік бөлімшесі туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің бірлескен (біріккен) байланыс жүйесі туралы келісімді ратификациялау туралы» екі заң жобасы енгізілді», - делінген хабарламада.

Бірінші келісімді ратификациялау Бірлескен бөлімшені қалыптастыру, қолдану және оның қызметін аяқтау тәртібін, қабылдаушы не транзиттік тараптың аумағындағы оның мәртебесін, сондай-ақ гуманитарлық минасыздандыруды жүргізу кезеңіндегі тараптардың әскери қызметшілерінің мәртебесін айқындайды. Бірлескен байланыс жүйесі туралы келісімді ратификациялау өз кезегінде, Келісімге қатысушы елдердің Қарулы күштері байланыс жүйелерінің жұмыс істеу тиімділігін арттыруға ықпал ететін болады.

Бюро отырысында сонымен қатар Мәжілістен бұрын келіп түскен «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға Каспий теңізін жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластанудан қорғау жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы», «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға Биологиялық әралуандылықты сақтау туралы хаттаманы ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары Сенаттың салалық комитеттеріне берілді.

 

Қазір оқып жатыр

Алматы облысында Отан қорғаушылар күні айрықша аталып өтті

Ұрып-соғып, үтікпен күйдірген: Шымкентте балаларына қорлық көрсеткен ана сотқа тартылды

Қытайда екі экс-қорғаныс министрі өлім жазасына кесілді

Үкімет курьерлер мен таксишілерге төленетін әлеуметтік төлемдер мәселесін шешу жолын іздестіруде