Сенаторлар ЮНИСЕФ ұйымдастырған аймақтық консультативтік кездесуге қатысты

ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров пен Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаты Динар Нөкетаева БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) ұйымдастырған «Парламентшілер балаларға: балалар мен жастардың ынтымақтастығы, өркендеуі және ілгерілетудің жаңа мүмкіндіктері мен құқықтарын қорғауды қорытындылау» атты Еуропа мен Орталық Азия елдерімен аймақтық консультативтік кездесудің ашылуына қатысты.

Алматы, NEGE. Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров өзінің құттықтау сөзінде балалар құқығын қорғау еліміз Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңғырту жөніндегі күн тәртібіндегі басымдықтардың бірі екенін атап өтті.

«Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында балалардың құқықтарын қорғау жөнінде 15 халықаралық құжатты ратификациялады, олардың алғашқысы – БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясы болды. Елімізде Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты табысты жұмыс істеп келеді.  Қазақстанда 2022 жылдан бастап балалардың әл-ауқатының индексі енгізіледі, ол балалардың жағдайын жақсарту жөніндегі ұлттық саясаттың тиімділігін қадағалауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Асқар Шәкіров.

Сенат депутаты Динар Нөкетаева кездесу барысында Қазақстандағы балалы отбасыларды қолдаудың кешенді үлгісі туралы айтып берді. Ол Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстан Республикасында жұмыстың бұл бағытына ерекше назар аударылғанын атап өтті.

«Балалы отбасыларды әлеуметтік қорғау шаралары «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заңға сәйкес реттеледі. Елімізде әлеуметтік қолдау жөніндегі тұтас жүйе жұмыс істеп келеді, онда жүктілігі және босануы бойынша әлеуметтік төлем, бала тууына берілетін жәрдемақы, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне қатысты және басқа да жәрдемақылар бар. Жалпы, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі кезеңінде біздің балаларымыздың, жастардың өмірі неғұрлым қолайлы және қауіпсіз болуы үшін көптеген жұмыстар жасалғанын атап өткен жөн», - деп атап өтті Динар Нөкетаева.

Кездесу барысында қазіргі уақытта күш-жігерді заң шығарудағы бірлескен бастамаларына бағыттау, сондай-ақ халықаралық сарапшылар мен азаматтық қоғамды қатыстыра отырып Орталық Азия мен Еуропа елдеріндегі заң шығару ісі мен үздік тәжірибені алмасуды жолға қою қажеттігі атап өтілді.