Сенатор Дана Нұржігіт әйелдердің қандай жағдайда атқа қонатынын айтты

Бұл туралы ол Павлодар қаласында өткен «Ата-ана – ұлттың ұясы» атты аймақтық ата-аналар форумында айтты.

Алматы, NEGE. Форумға онлайн қатысқан сенатор әйелдердің атқа қонуы қоғамдағы енжарлықтың келбеті деді. 

«Қай кезеңде де болмасын, нәзік жандылар ер азаматтарға арқа сүйейді. Алайда кей жағдайда олардың да атқа қонып кететін сәттері болады. Бұл қоғамдағы енжарлықтың келбеті деп ойлаймын. Өйткені әйел адам мәжбүр болған кезде ғана атқа қонады. Себебі әйел адам үшін үйді де, түзді де қадағалап жүру ауыр жүк. Сол ауыр жүкті әйел адам көтеріп жүрсе нәзіктігінен айырылады, мейірімді ана болуды, сезімтал жан болуды, үйдің ұйытқысы болуды ұмытуға мәжбүр болады. Сондықтан осындай маңызды іс-шараны бірлестік құрып, ата-аналардың басын қосып, жанашырлық танытып жүрген Нұркен Асановтай қазақтан шыққан мықты азаматқа ана ретінде, әйел ретінде алғысымды білдіремін», – деді сенатор.