5 мая 2022 г. 13:01

Сенат «Назарбаев нормасына» қатысты заң жобасын мәжіліске қайтарды

Фото:

Сенат «Референдум туралы» заң жобасына енгізілетін өзгерістерді Мәжіліске қайтарды. Осылайша, «Тұңғыш Президент Қазақстанның негізін қалаушы» деген норманы Конституциядан алып тастаудың алғышарттары басталып кетті. 

Нұр-Сұлтан, NEGE.  «Сондықтан бүгін сенат депутаттары Конституциялық кеңестің кешегі қорытындысын ескере отырып, референдумға қатысты заң жобасын қайта қарап, өзгеріс енгізді. Заң жобасы мәжіліске жіберілді», – деді сенатор Ляззат Сүлейменова жоғары палатының отырысынан кейін өткен брифингте.

Қазіргі кезде республикалық референдум туралы заңның 3-бабында: «Тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстан Республикасының мәртебесін, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы, Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптерін және Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасының мәртебесін өзгерту республикалық референдумның талқысы бола алмайды», - деп жазылған.

Ал сенаторлар осы мәселені: «Мемлекеттің тәуелсіздігін, Қазақстан Республикасының бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, сондай-ақ Республика қызметінің түбегейлі қағидаттарын өзгерту» керек деген пікірге тоқталды.

Осылайша, референдумға шығаруға тыйым салынған мәселелердің қатарынан Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасының мәртебесін өзгертуге қатысты шектеу алып тасталады.

Тегтер: