Семей жылу беру маусымына дайын болмай шықты: Бектенов кімді жазалауды тапсырды?
Премьер-министр Олжас Бектенов жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының уақытылы аяқталмауына байланысты Абай облысы әкімінің осы салаға жетекшілік ететін орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды.
Астана, NEGE. Бектеновтің айтуынша, жылу көздері мен желілердің дайындығын 1 қазанға дейін қамтамасыз ету туралы тапсырма берілген. Алайда бір өңір бұл талапты белгіленген мерзімде орындамаған.
«Бір өңірден басқасының бәрі бұл тапсырманы мерзімінде орындады. Тек Семей қаласында жылу желілері уақытылы дайын болмай шықты. Осыған байланысты Абай облысы әкімінің аталған салаға жетекшілік ететін орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырамын», – деді Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, жылу беру маусымы жоспарға сәйкес басталды. Оңтүстік және батыс өңірлерде жылу бекітілген кесте мен ауа райына қарай кезең-кезеңімен беріледі.
Премьер-министр өңір әкімдеріне жылу беру маусымын өткізу жөніндегі штабтардың жұмысын қайта жандандырып, энергия көздері мен жылу желілерінің жағдайын тұрақты тексеруді тапсырды.
Сонымен қатар барлық жоспарлы параметрлерді сақтау, отынның нормативтік қорын жинақтау және қосалқы жабдықтардың дайындығын қамтамасыз ету қажет.
Бектенов халық үшін көмір бағасын тұрақты бақылауда ұстап, отын тапшылығына жол бермеуді жүктеді.