12 января 2026 г. 10:13

Семей соты құрылыс салу кезіндегі өрескел бұзушылықтарды анықтады

Фото: freepik.com

Сотта қала үшін стратегиялық маңызы бар су құбыры және кәріз желілерінің сақталуын қамтамасыз ету мен оларға қолжетімділік беру талаптарының өрескел бұзылғаны анықталған.

Астана, NEGE. Абай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында «Семей Водоканал» МКК-нің мүлік иелері бірлестігіне және ЖШС-ке инженерлік желілерге қолжетімділік беру және кәріз коллекторының аумағында орналасқан құрылыстарды бұзу туралы талап қоюы бойынша азаматтық іс қаралған.

«Көпқабатты тұрғын үй салу кезінде инженерлік коммуникацияларды ғимарат жауып қалғаны, бұл тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіріп, бүкіл қала үшін ауыр санитарлық салдарға әкелуі мүмкін екені белгіленді.

Сот анықтағандай, бұл бұзушылықтар бірқатар ұйымдардың өз міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан болған», – деп хабарлады Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.

Жобалық құжаттаманы әзірлеу кезінде, сот мәліметінше, құбырлар мен құрылыс нысандары арасындағы арақашықтықтар дұрыс көрсетілмеген.

Жобалау және сараптама ұйымдары құрылысқа инженерлік желілердің нақты орналасуын тексермей, қате мәліметтер ұсына отырып, келісім берген.

Бұдан бөлек сараптама ұйымдары нысанды салу кезеңінде тиісті бақылау жүргізбеген.

«Құрылыс салушы жобалық құжаттаманың инженерлік желілердің нақты орналасуына айқын сәйкес келмейтінін біле тұра, құрылысты жалғастырып, аяқтаған, соның салдарынан тұрғындар мен мемлекеттік су жабдықтау және су бұру жүйелеріне қауіп төндірген.

Ал уәкілетті органдар нысанды пайдалануға беру актісін бекіту кезінде анықталған бұзушылықтардың бар екенін елемеген.

Сот анықтаған мән-жайлар жобалау ұйымдарының, құрылыс салушының және өзге де лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттерінде қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатын белгілердің болуы мүмкін екенін көрсетеді», – делінген хабарламада.

Осыған байланысты сот Абай облысының прокурорының атына жеке ұйғарым шығарып, заңда көзделген жауаптылыққа, соның ішінде лицензиялар мен рұқсат құжаттарынан айыру мүмкіндігін қоса алғанда, кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту мәселесін қарауды тапсырды.