Лауазымды адамдар «Семей орманында» ағашты заңсыз кесу схемасын ұйымдастырды деген күдікке ілінді
Ұлттық қауіпсіздік комитеті қыркүйек айында Бас прокуратурамен бірлесіп, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватындағы лауазымды адамдарының құқыққа қайшы әрекетінің жолын кесті.
Астана, NEGE. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, іс фигуранттары ағашты жаппай заңсыз кесу және оны өткізу бойынша тұрақты схема ұйымдастырған. Атап айтқанда, олар ақшалай сыйақы алып, ең өтімді орман учаскелеріне кедергісіз кіруді қамтамасыз еткен.
Тінту барысында бухгалтерлік құжаттама, кесуге арналған орман орамдары мен ақша қаражатын бөлу туралы қолмен жазылған жазбалар, сондай-ақ өзге де заттай дәлелдемелер алынды.
ҰҚК қазіргі уақытта бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 366-бабының 3-бөлігі (Пара алу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.