«Семей орманы» резерватында өрт шықты
16 шілде таңертеңгі уақытта «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында орман өрті тіркелді.
Астана, NEGE. Экология министрлігінің хабарлауынша, өрт резерваттың Бородулиха филиалы Қамышен орманшылығының 57-орамында шыққан.
Орман өртін сөндіруге мемлекеттік орман күзетінің, Төтенще жағдайлар департаментінің қызметкерлері тартылған. Сондай-ақ 1 автоцистерна (АЦ), 1 кіші орман өрт сөндіру патрульдік кешені (МЛПК), 1 трактор, 8 техника, сондай-ақ «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның Bambi Bucket су төгу құрылғысымен жабдықталған әуе кемесі жұмылдырылған.
«Қосымша күш ретінде өрт орнына 2 автоцистерна, 2 трактор, 1 МЛПК және 11 орман күзеті қызметкері бағытталды. Сонымен қатар AS350 тікұшағы және 4 әуе өрт сөндіру десантшысы, сондай-ақ Катон-Қарағайдан Ми-8 тікұшағы өрт орнына аттанады», – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта өртті оқшаулау және сөндіру жұмыстары жүргізілуде. Жағдайды министрлік бақылауға алған.