Сегіз ай күттірген жаңа пойыз: Stadler вагондары алғашқы рейсіне шықты
Қазақстанда шығарылған Stadler вагондары 11 қарашада алғаш рет Астана – Алматы бағытына жолға шықты.
Астана, NEGE. Жаңа вагондар №3/4 «Нұрлы жол – Алматы-2» пойызының құрамына қосылды. Бүгін Stadler вагондарымен жасақталған пойыз алғашқы рейсіне шамамен 60 пайыз толымдылықпен аттанды. Пойыз Астанадан сағат 13:10-да шығып, келесі күні сағат 08:30-да Алматыға жетеді. Жол жүру уақыты – 19 сағат.
Алғашқы рейс алдында өткен брифингте «Қазақстан темір жолы» басқарма төрағасының орынбасары Ануар Ахметжаев жаңа вагондардың техникалық мүмкіндігі сағатына 160 шақырым жылдамдыққа есептелгенімен, қолданыстағы теміржол инфрақұрылымы мұндай жылдамдыққа мүмкіндік бермейтінін айтты.
«Жылжымалы құрамның мүмкіндігі – сағатына 160 шақырым. Бірақ инфрақұрылымның да өз мүмкіндігі бар, ол пойыздың жылдамдығын шектейді. Сондықтан орташа жылдамдық сағатына 60-70 шақырым шамасында болады. Қазір инфрақұрылымды жаңғырту бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. Алайда бұл жерде ең алдымен қауіпсіздік мәселесін ескеру керек», – деді ол.
Оның сөзінше, бір жолмен жүк және жолаушылар пойыздары қатар жүретіндіктен, сағатына 160 шақырым жылдамдықты қамтамасыз ету үшін теміржол инфрақұрылымына қойылатын талап та жоғары болуы керек. Ал салмағы 6000 тоннаға дейін жететін жүк пойыздары жолға қосымша салмақ түсірмек.
Вагондардың жеткізілуі неге кешікті?
Stadler компаниясы шығарған алғашқы 51 вагон ҚТЖ-ға 2025 жылдың желтоқсанында жеткізілген. Дегенмен компания вагондарды бүгінге дейін жолаушылар тасымалына пайдаланған жоқ. 2026 жылдың мамыр айының соңында сол кездегі ҚТЖ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов вагондардан техникалық ақаулар анықталғандықтан, оларды пайдалануға беру кейінге шегерілгенін хабарлаған.
Ал 2026 жылғы 28 ақпан мен 1 наурыз аралығында вагондар сынақтан өткізілді. Сынақ нәтижесінен кейін тапсырыс беруші тежеу жүйесіне қатысты қосымша талаптар қойды. Осыған байланысты 21-26 мамыр аралығында тағы бір сынақ жүргізілген.
Брифингте ҚТЖ басқарма төрағасының орынбасары Ануар Ахметжаев вагондардың сегіз ай кешігіп шығуына қатысты өз пікірін білдірді.
«Біз қазір ең алдымен еліміздің ерекше климатына бейімделген жоғары технологиялық жобаны іске қосып жатырмыз. Stadler Африкаға 50 градус ыстыққа, Норвегияға –40 градус аязға арналған вагондар жеткізген. Бірақ бір елдің өзінде температураның осылай күрт өзгеруі күрделі мәселе. Сондықтан қосымша жетілдіру жұмыстары қажет болды», – деді ол.
Ахметжаев жеткізу мерзімінің бұзылуына байланысты өндіруші компания өтемақы төлейтінін растады. Оның айтуынша, екі тарап өтемақы төлеу жөнінде келісімге келген. Алайда нақты соманы коммерциялық құпияға байланысты атаған жоқ.
Stadler вагондары тағы қай бағыттарға қатынайды?
КТЖ басқарма төрағасының орынбасарының мәліметінше, жыл соңына дейін Stadler вагондарымен жасақталған пойыздар тағы екі бағытқа шығады. Қараша айының соңына дейін «Нұрлы жол – Атырау» бағытын іске қосу жоспарланып отыр. Ал желтоқсанның ортасында жаңа қозғалыс кестесі енгізілген кезде «Нұрлы жол – Қызылорда» пойызы Жезқазған арқылы қатынай бастайды.
13 қарашада Stadler вагондарымен жасақталған «Нұрлы жол – Семей» пойызы да алғашқы рейсіне шығады. Бұл бағытта бұрыннан қатынап жүрген әйелдер вагоны да сақталмақ.
«13 қарашада алғашқы рейсіне шығатын «Нұрлы жол – Семей» пойызында әйелдер вагоны болады. Астана – Алматы бағытына да енгізуімізге болады, бұл мәселе емес», – деді Ахметжаев.
КТЖ өкілінің айтуынша, 2030 жылға қарай Stadler вагондары Қазақстанның 12 өңірін қамтымақ. Жеткізілім аяқталған соң жаңа вагондар пойыздардың басым бағыттарында пайдаланылады.
Жаңа вагондардың жабдықталуы
Купе вагондары 40, ал плацкарт вагондары 58 жолаушыға арналған. Вагондарда ауа температурасын реттеу жүйесі, әр орынға арналған жеке жарық шамдары, 220 В электр розеткалары, USB және USB-C қуаттау ұяшықтары, Wi-Fi, бейнебақылау жүйесі мен жүк қоятын орындар бар. Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар жолаушыларға арналған жағдай жасалған. Пойыз құрамында буфет-вагон да қарастырылған.
Stadler вагондары –50 градустан 45 градусқа дейінгі температурада пайдалануға жарамды. Қызмет ету мерзімі – 40 жыл.
Қазіргі уақытта «Жолаушылар тасымалы» АҚ 100-ден астам Stadler вагонын қабылдаған. Келісімшартқа сәйкес, 2030 жылдың соңына дейін Қазақстанға барлығы 557 вагон кезең-кезеңімен жеткізілуі керек. Сонымен қатар өндіруші компания жеткізілген вагондарға кейінгі 20 жыл бойы техникалық қызмет көрсетеді.
Жаңа пойызда мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған арнайы купе мен санитарлық торап қарастырылған. Купеде жеке төменгі ортопедиялық орын, еріп жүрушіге арналған жоғарғы орын, сондай-ақ арнайы орындықтар мен мүгедектік арбасы орналасқан.
Айта кетейік, 2022 жылғы 13 желтоқсанда «ҚТЖ» ҰК» АҚ тобы мен швейцариялық Stadler компаниясы жолаушылар вагондарын жеткізу және оларға техникалық қызмет көрсету туралы келісімшарттарға қол қойған болатын. Келісім аясында отандық вагон жасау зауытының өндірістік алаңын жаңғыртып, 2023–2030 жылдар аралығында швейцариялық технология бойынша 537 жолаушылар вагонын құрастыру жоспарланған.