SCAT әуе компаниясы үкіметтен көмек сұрады
SCAT әуе компаниясы үкіметтен көмек сұрауға мәжбүр болғанын айтты.
Алматы, NEGE. SCAT әуекомпаниясы жанармай мәселесі билет бағасының өсуіне әкеледі деп алаңдаушылық білдірді. Әуетасымалдаушы компания ақпаратына сәйкес, Қазақстанның үш қаласында жағдай ушығып кетті. Ақтауда отын қоры алдағы төрт күнге, Ақтөбе мен Нұр-Сұлтанда екі күнге ғана жетеді.
"Ұшу кестесін 100% орындалуын қамтамасыз етуге тырыстық. Алайда отынның қажетті көлемін ала алмай, Қазақстандағы көптеген әуежайда компанияның жанармай қоры сарқылды", - деп мәлімдеді SCAT.
Нұр-Сұлтаннаншығатын рейстер 19 қазанда тоқтап қалудың аз-ақ алдында тұрған. Соған байланысты компания екі еселенген тариф бойынша аз мөлшерде отын сатып алған. Алайда ол екі күнге ғана жетеді.
"Ақтау, Ақтөбе және Нұр-Сұлтан әуежайларында ұшақ керосині де таусылды", - деп атап өтті компания.
Ұшақ отыны өндірісі көлемінің едәуір төмендеуі тасымалдаушы компанияның аз мөлшердегі отынды әлдеқайда қымбатқа сатып алуға мәжбүр еткен.
"Бұл ұшу кестесінің толықтай үздіксіз орындалуын қамтамасыз ете алмайды. Оның үстіне билет құнына әсер етуі мүмкін. Себебі әуе отыны билет құнының кемінде 40%-ін алады. Яғни, жолаушы зардап шегеді", - деді әуекомпания.