Қандастар Президенттен KazTest талаптарын қайта қарауды сұрады
Тарихи отанына қоныс аударған этникалық қазақтар KazTest сынағынан өту және құжат рәсімдеу кезінде қиындықтарға тап болғанын айтып, Президенттен жағдайға араласуды сұрады.
Астана, NEGE. Қандастардың айтуынша, пилоттық жоба аясында енгізілген тестілеу талабы азаматтық алу мен құжат рәсімдеу процесін қиындатқан. Кейбірі сынақтан өте алмағандықтан, құжаттарын тапсыра алмай жүр.
Бұл мәселені блогер Бурахан Дақанов өз әлеуметтік желідегі парақшасында көтерді. Оның сөзінше, күн сайын оған құжат рәсімдеуге байланысты қиындыққа тап болған адамдар хабарласады.
«Егер жақын арада Үкімет қандастарды құжаттандыру мәселесін бір жақты етпесе, олардың бәрі кері қайтуға мәжбүр», – деді блогер өз жазбасында.
70 жастағы әйел елден кетуі мүмкін
Қоғам белсендісі әлеуметтік желіде Қазақстанға ұлдарымен қауышу үшін көшіп келген 70 жастағы қандас әйелдің де мәселесін көтерді. Бурахан Дақановтың сөзінше, әйел KazTest сынағынан өте алмай, құжаттарын тапсыра алмаған. Енді елде болуға рұқсат етілген мерзімі аяқталса, Қазақстаннан кетуге мәжбүр болуы мүмкін.
Сондай-ақ, тағы бір қандас әйел бірнеше әрекеттен кейін тест тапсырғанымен, құжаттарын өткізе алмаған. Оның Қазақстанда болу мерзімінің аяқталуына небәрі үш күн қалған. Ал екі баласы елде бір жылдық оқу визасымен жүр. Қоғам белсендісінің айтуынша, анасы елден шықса, бірнеше ай бойы қайта орала алмауы мүмкін.
Кейбір қандастар құжат рәсімдей алмағандықтан, кері қайтуға мәжбүр болып отыр. Алайда олардың бірқатары көшіп келгенге дейін бұрынғы тұрғылықты жеріндегі үйі мен мүлкін сатып жіберген. Қазақстаннан да баспана алып, балаларын мектепке орналастырған отбасылар бар.
Қандастарға ерекше жағдай жасалуы мүмкін бе?
Жазба әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Пайдаланушылар мәселені Құрылтайда көтеріп, тестілеу талаптарын қайта қарауды және этникалық қазақтардың азаматтық алу рәсімін жеңілдетуді ұсынды.
Сондай-ақ қазақстандықтар жасы үлкен адамдарға және төте жазумен жазатын қандастарға ерекше жағдай қарастыру қажеттігін айтты.
Қандастар биліктен құжат рәсімдеу тәртібін қайта қарап, елдеьзаңды болу мерзімі аяқталып жатқан отбасылардың жағдайын шешуге көмектесуді сұрайды.