Сауда министрлігі: Wildberries-тен Қазақстанда қойма салуға ресми өтініш түскен жоқ

Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігіне Wildberries компаниясынан ел аумағында қосымша қойма кешенін орналастыру бойынша ресми өтініш түспеген. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлімдеді. 

Mertech.ru

Астана, NEGE. Ведомствоның хабарлауынша, халықаралық сауда платформаларының логистикалық инфрақұрылымын дамыту үдерісі тұрақты бақылауда. Егер компаниядан тиісті ұсыныс түссе, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қаралуы мүмкін.

«Қазіргі уақытта Wildberries компаниясынан Қазақстан Республикасының аумағында қосымша қойма қуатын орналастыру мәселесіне қатысты министрлікке ресми өтініш келіп түскен жоқ. Тиісті ұсыныстар келіп түскен жағдайда, ол Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделері ескеріле отырып, заңнама талаптарына сәйкес қаралады», – делінген хабарламада.

Министрлік халықаралық компаниялардың жобалары өзара тиімді негізде іске асырылып, отандық кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етуі тиіс екенін атап өтті.

«Қазақстанның транзиттік және логистикалық әлеуеті жоғары. Осыған байланысты министрлік заманауи қойма және логистикалық инфрақұрылымды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ трансшекаралық электрондық сауданы дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды қолдайды», – делінген мәлімдемеде.

Министрлік тауарларды тасымалдау, сақтау және айналымға енгізу процестері Қазақстан заңнамасы мен Еуразиялық экономикалық одақтың құқықтық нормаларына сәйкес реттелетінін еске салды. Осыған байланысты нарықтың жекелеген қатысушылары үшін қандай да бір ерекше жағдай немесе арнайы талап қарастырылмаған.