Сарапшылар азаматтық қоғам мен саяси партиялардың өзара іс-қимылын талқылады
«Sarap» сарапшылар клубының отырысында азаматтық қоғам мен саяси партиялар арасындағы өзара іс-қимыл, қоғамдық диалогты дамыту және азаматтардың саяси үдерістерге қатысуын арттыру мәселелері талқыланды.
Астана, NEGE. Жезқазған қаласында Қазақстандық қоғамдық даму институты (ҚҚДИ) Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Азаматтық қоғам және партиялар. Өзара іс-қимылдың жаңа форматтарын іздеу жолында» тақырыбында «Sarap» сарапшылар клубының отырысын өткізді.
Іс-шараға үкіметтік емес ұйымдар, ғылыми қауымдастық, қоғамдық қорлар, Қоғамдық кеңес мүшелері мен сарапшылар қатысып, азаматтық қоғамның саяси партиялармен өзара іс-қимылы, қоғамдық диалог, электоралдық мәдениет және азаматтардың саяси белсенділігі мәселелерін талқылады. Сонымен қатар 5 тамызда өткен саяси партиялар өкілдері арасындағы теледебатқа талдау жасалды.
ҚҚДИ Институционалдық талдау және реформалар орталығының директоры Риззат Тасымның айтуынша, бүгінгі таңда азаматтық қоғам саяси процестердің маңызды қатысушысына айналған.
«Азаматтық қоғам бүгінде саяси үдерістердің толыққанды қатысушысына айналды, ал оның саяси партиялармен өзара іс-қимылы жүйелі сипатқа ие болды. Қоғамдық ұйымдар партияларға халықтың сұранысын тереңірек түсінуге, түрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін ескеруге және азаматтардың сенімін нығайтуға ықпал етеді», – деді ол.
Жиында азаматтық сектордың мемлекеттік органдармен және саяси партиялармен серіктестігін кеңейту, қоғамдық бастамаларды іске асыруға тұрғындарды тарту және өңірлердің қоғамдық сұранысын мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде ескеру мәселелері көтерілді.
Сарапшылардың пікірінше, үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар мен мемлекеттік органдар арасындағы тұрақты әріптестік қоғамдық сенімді күшейтіп, саяси мәдениетті дамытуға ықпал етеді. Сондай-ақ инклюзивті және әлеуметтік жобаларды әзірлеу кезінде азаматтардың, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарының пікірін ескерудің маңызы айтылды.
Отырыс қорытындысында қатысушылар мемлекет, саяси партиялар және азаматтық қоғам институттары арасындағы тиімді өзара іс-қимылды одан әрі дамыту қоғамдық диалогты нығайтудың негізгі тетіктерінің бірі екенін атап өтті.