Сара Назарбаева инфаркт алғаны белгілі болды
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жұбайы Сара Назарбаеваның сырқаты туралы мәлімет жарияланды.
Астана, NEGE. Сара Назарбаева 2025 жылдың сәуір айынан бастап Алматыдағы Ұлттық госпитальде ем қабылдаған.
Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібайдың айтуынша, сол кезеңде ол ауыр миокард инфарктін бастан өткерген.
«Дәрігерлер ұзақ уақытқа созылған қант диабеті мен үдемелі созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі аясында жүректің ишемиялық ауруы, сондай-ақ жүрек пен өкпе жеткіліксіздігі дамығанын анықтады.
Сара Назарбаева ұзақ уақыт бойы өкпені жасанды желдету және жасанды бүйрек аппараттарына қосылған күйде болды», – деді Айдос Үкібай.
Қаңтар айында жағдайы тұрақтанған соң стационарлық емдеу аяқталды. Қазіргі уақытта Сара Алпысқызы Алматы қаласында дәрігерлердің бақылауымен үй жағдайында ем алып жатыр.