Сапасыз қасбет тақталарын жеткізген кәсіпкерге 43,5 млн теңге шығынды өтеу міндеттелді

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты сапасыз қасбет тақталарын жеткізген компаниядан құрылыс салушының пайдасына 43,5 млн теңге шығын өндірді. Сот шешімі апелляциялық сатыда өзгеріссіз қалды.

magnific.com

Астана, NEGE. Жоғарғы соттың хабарлауынша, Алматы облысындағы тұрғын үй кешенінің құрылысына қасбет тақталары жеткізілген. Кейін олардан ақау шығып, жеткізуші өнімді ауыстырған. Алайда ауыстырылған тақталар да бұзыла бастаған. Нәтижесінде 2,8 мың шаршы метрден астам аумақта жарықтар пайда болған.

Зертханалық сараптама қасбет тақталарының беріктігі мен тығыздығы белгіленген талаптарға сәйкес келмейтінін көрсеткен.

Құрылыс салушы жарылған тақталарды өз қаражаты есебінен бөлшектеп, жаңасына қайта ауыстырған. Бұл жұмыстарға шамамен 23 млн теңге жұмсалған. Бұған дейін сот арқылы сапасыз тауардың құны ретінде жеткізушіден 19,35 млн теңге өндірілген.

Кейін тапсырыс беруші сапасыз өнімнің салдарын жоюға кеткен шығындарды өндіріп алу туралы талаппен қайта сотқа жүгінген. Талаптың жалпы сомасы 43,5 млн теңгеден асқан.

Өз кезегінде жеткізуші қасбет тақталарының бұзылуына құрылыс салушының монтаждау технологиясын сақтамауы себеп болғанын алға тартқан. Алайда сот бұл уәжді растайтын дәлелдер табылмағанын атап өтті.

«Сот істі қарай отырып, талап қоюшының шеккен шығындары мен жауапкердің тауар сапасына қатысты міндеттемелерін тиісінше орындамауы арасында тікелей байланыс бар екенін анықтады. Жауапкердің монтаждау технологиясының бұзылғаны туралы уәждері дәлелденбеді».

Бірінші сатыдағы сот жеткізушіні құрылыс салушыға 43,5 млн теңге шығын мен 4,3 млн теңге сот шығынын өтеуді міндеттеген. Апелляциялық сот бірінші сатыдағы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.