Санжар Боқаевтың ісі бойынша сот отырысы кейінге қалды
Алаяқтық және өзге де қылмыстық баптар бойынша айыпталып жатқан Санжар Боқаевтың соты оның Астанаға жеткізілуіне байланысты кейінге қалды.
Астана, NEGE. Сот отырысы 16 қазанға шегерілді. Бұған оның тергеу әрекеттеріне қатысу үшін Астанаға жеткізілуі себеп болған. Бұл туралы NEGE сауалына Алматы қаласының Алмалы аудандық соты хабарлады.
Сот мәліметінше, іс бойынша Боқаев пен тағы екі адамға аса ірі көлемдегі алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаған ұрлық, ағаштарды заңсыз кесу және көрінеу жалған ақпарат тарату айыптары тағылған.
«Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында қаралып жатқан қылмыстық іс бойынша сот отырысы сотталушылардың үшінші тұлғаларға қатысты тергеліп жатқан қылмыстық істер аясында тергеу әрекеттеріне қатысу үшін Алматы қаласынан тыс жерге жеткізілуіне байланысты кейінге қалдырылды», – деп хабарлады сот.
Еске салсақ, биыл 18 наурызда Бас прокуратура Алматы қаласында белсенді Санжар Боқаевтың ұсталғанын хабарлады. Прокуратура мәліметінше, ол әлеуметтік желілерде қоғамда теріс пікір қалыптастыру мақсатында жалған ақпарат таратқан, яғни жекелеген тұлғалардың қоғамдық саябақтарда ағаштарды заңсыз кесуі және құрылыс нысандарынан мүлік ұрлауы туралы бейнематериалдар жариялаған деп айыпталып отыр.
Тергеу нұсқасы бойынша, Боқаев ағаштарды кесуді өзі ұйымдастырып, қаржыландырған. Бұл іске «табысы төмен адамдарды» тартып, оларға сыйақы беруге уәде еткен.
Сондай-ақ ол аса ірі көлемдегі қаражатты алаяқтық жолмен жымқырды деген күдікке ілінген.